44 жастағы маман өзінің жаңа қызметке тағайындалуы, команданың жақын арадағы жоспарлары туралы айтып, жекелеген футболшылардың жағдайын талқылады.
– Жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймыз! Ұлттық құраманың алдына қандай мақсаттар қойылып отыр? Тактикалық тұрғыда өзгерістер бола ма?
– Құттықтауларыңыз бен қолдауларыңызға рахмет! Осы лауазымға отандық маманды тағайындағаны үшін ҚФФ президентіне алғысымды білдіремін. Онымен әңгіме барысында маған жастар, динамика, агрессия керек екенін айтты. Бүгінде біз көрсеткіміз келетін футбол – құраманы жасарту, оны агрессивті әрі мобильді етуге бағытталған. Бұл тұрғыда біз ортақ пікірге келдік. Тағы да алғысымды білдіремін! Жанкүйерлердің үмітін ақтаймыз деп сенемін.
Тактикаға келер болсақ, ол шешуші рөл атқармайды. Бәрі футболшылардың қандай формада екеніне байланысты. Сондай-ақ, олардың позицияларына да мән беру керек. Сапалы үш орталық қорғаушымыз бар. Қазіргі таңда Әліп, Қасым, сонымен қатар Марочкин мен Жақсыбаев та бар.
– Сіздің штабыңызда аналитикамен кім айналысады?
– Біз штабты құру барысында Елдос Ахметовтің құрамада болғанын және жігіттерді жақсы білетінін ескердік. Бұл байланыс орнату үшін өте маңызды. Нұрбол Жұмасқалиев та ұлттық құрамада жақсы тәжірибе жинақтады. Әсіресе көмекші бапкер ретінде жастар құрамасында. Ол біздің құрамға қосқымыз келетін ойыншыларды жақсы таниды. Бүгінгі таңда жастар бәсекеге қабілетті, біз олардың физикалық мүмкіндіктерін пайдаланып, дамытатын боламыз.
Чесноков, Үсенов сияқты жаңа ойыншыларды құрама сапында көргіміз келеді. Біз бұрын ешқашан ұлттық құрамаға шақырту алмаған ойыншылармен Түркияда жеті күндік оқу-жаттығу жиынын өткізуді сұрадық. Қақпашылармен жұмыс істеуге үш дүркін елдің үздік ойыншысы атанған Олег Игоревич Воскобойников көмектеседі. Біз шақыратын жігіттерді ол жақсы біледі деп ойлаймын – Анарбеков, Жомарт. Құрама есігін қаққалы тұрған жастарды да ол жақсы таниды.
– Станислав Черчесов Ұлттар лигасының В лигасы біздің деңгей емес деп еді. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
– Әрине, егер біз Әзербайжан, Сан-Марино, Лихтенштейн, Андоррамен ойнайтын болсақ, өзіміздің шынайы деңгейімізді көре алмас едік. Қазіргі құраммен В лигасында жеңіске жету қиын екені түсінікті. Бірақ, ең бастысы ойыншылардың дамуы. Біздің болашағымызға келер болсақ, команда жас ойыншыларға мұқтаж болды.
Бұрын шақырту алмаған, бірақ әлеуеті бар жігіттер бар – Мади Хасейн, Абылайхан Назымханов. Қарсыласқа қолайсыз жағдай туғызатын орта қалыптастыруымыз керек.
Бізде 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу циклі барысында жақсы статистика мен нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар. Құрама сапына қосқымыз келетін ойыншылардың есімдері қазірдің өзінде ойымызда бар. Бірақ біз оларды әлі де оқу-жаттығу жиындарында бақылап көреміз.
Ойыншылардан агрессивті стильді талап етеміз. Осылардың барлығы Қазақстан құрамасының бет-бейнесіне айналады.
– Қазір футболдағы натурализация процесі көп талқылануда. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл мәселеде нақты ұстанымым жоқ. Егер адам осында тұрып, жанымен қазаққа айналса, егер ол біздің командамызға әлем чемпионатында біздің туымызды көтерген футзалдағы бразилиялықтар секілді алаңға шығып көмектесуге дайын болса, онда неге болмасқа?
– Бахтиёр Зайнутдиновты құрамадан қай позицияда көресіз?
– Кеше ғана онымен сөйлестім. Қазір ол Испанияда жарақатынан қалыпқа келіп жатыр. Бахтиёр Зайнутдинов сол жақ орталық қорғаушы ретінде ойнап жүр. Ол әмбебап футболшы. Қай позицияда ойнаса да, оған бәрібір екенін айтты. Оны орталық жартылай қорғаушы ретінде пайдаланатын шығармыз. Бізге оның тәжірибесі қажет. Ең бастысы ол допты тартып алғаннан кейін шабуыл бастай алады. Ал сол жақ орталық қорғаушы позициясы, егер денсаулығы жақсы болса, Әліпке бекітіледі деп үміттенемін.
– Қазір сіз уақытша бас бапкерсіз. Осы қызметте тұрақтап қалу жоспарыңызда бар ма?
– Станислав Саламұлымен сөйлескен жоқпын. Әрбір бапкердің өз стилі бар. Біз бір-бірімізден ерекшеленуге тырысамыз. "Уақытша" деген атақ немесе тұрақты бапкер болу мен үшін маңызды емес. Өз көзқарасымды, философиямды ұсындым, оны ҚФФ президентіне жеткіздім. Бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ.
– Бірінші лигада ойнайтын Игорь Шацкийдің ұлттық құрамадан орын алу мүмкіндігі бар ма?
– Мен оны жақсы білемін. Онымен бірге жұмыс істедім. Жанкүйерлер оның құрамаға көп пайда әкелгенін көрді. Өкінішке қарай, ол ұлттық құрамаға жолын қиындататын шешім қабылдады. Дегенмен, құраманың есігі ашық. Мен үшін қай лигада ойнайтыны маңызды емес. Ең бастысы – менің ойын стиліме сай келуі.
– Дастан Сәтпаевты Түркиядағы жиынға шақырасыз ба?
– 16 жастағы жігітті ұлттық құрамаға шақыруға қанша адам дауыс берер еді, білмеймін. Мұнда физикалық және психологиялық факторлар бар. Қазақстандық футболдың аңыздарын, чемпиондарын киім ауыстыратын бөлмеде көргенде, ол психологиялық тұрғыдан қысылып қалуы мүмкін. Біз оның халықаралық деңгейін жастар құрамасы арқылы бағалауымыз керек. Ол жас болса да, жасқанбай ойнайды. Бір жағынан Самородовтың жастық шағын еске түсіреді. Тіпті одан да жақсырақ болуы мүмкін. Бірақ психологиялық тұрғыдан оған қазір ұлттық құрамадан гөрі жастар құрамасында ойнаған дұрыс.
– Георгий Жуков ұлттық құрамаға шақырыла ма?
– Иә, мен Жуковты қарастырып отырмын. Ол осы жерде дүниеге келген. Біз онымен сөйлестік.
– 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу тобынан не күтуге болады?
– Ынта болуы керек. Тағы да қайталаймын, дискомфорт жағдайында ғана даму болады. Жанкүйерлер нәтиже талап етуге құқылы. Өйткені біз бұған өзіміз себепші болдық. Данияны, Финляндияны, Солтүстік Ирландияны жеңдік. Біздің тобымыз қызықты топ болды. Уэльс құрамасы бар. Оның ойыншылары АПЛ-да доп тебеді. Көп нәрсе мотивацияға байланысты.
– Сіздің жалақыңыз Черчесовтің алған сомасынан қаншалықты ерекшеленеді? Сізге қандай мақсат қойылды?
– Маған елімді таныту құрметі бұйырды. ҚФФ басшылығымен қандай да бір сома туралы сөйлескен емеспін. Қандай тапсырма қойылса, соны орындауға тырысамын. Қандай сома тағайындалса, соған жұмыс істеймін. Менің артымда 20 миллион халық тұрғанда, жалақының көлемі маңызды емес. Ешқандай келісімшарт жайлы сөз болуы мүмкін емес. Біздің міндетіміз – құраманы жақсарту және жанкүйер күткен футболды көрсету.
– Сіз Қазақстан құрамасының бас бапкері боламын деп ойладыңыз ба? Бұл сіздің мақсатыңыз болған шығар?
– Жоқ, ойлаған емеспін. Өмірде не болатынын ешқашан білмейсің. Мен әрқашан өз жұмысымды жақсы істеуге тырыстым. Кез келген бапкердің ең үлкен мақсаты – жеңіс, ал жеңістер бапкерді белгілі бір деңгейге көтереді. Ұлттық құраманың бас бапкері болу – үлкен мәртебе, зор жауапкершілік.
– "Ардагер" ойыншылар үшін ұлттық құраманың есігі ашық па? Қазір жас футболшыларға басымдық беріліп жатыр ғой.
– Солтүстік Македония құрамасы бір матчта 2 мың метр жүгіріп өтеді. Егер сіз осы қашықтықты жүгіре алмасаңыз, онда сіздің "жанармайыңыз" таусылды деген сөз. Физикалық дайындық маңызды. Біз клуб бапкерлерімен тығыз байланыста боламыз. Олардың ойыншылары қажетті жүктемені орындай алатынына көз жеткізу үшін.
Айта кетейік, Әли Әлиев 31 қаңтар күні Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Бұған дейін ол "Қызыл-Жар" клубын басқаруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген, сондай-ақ "Шахтер", "Жеңіс" және "Астана" жастар командасында жұмыс істеген.
Ойыншы ретінде "Қайрат" сапында Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрамада екі матчқа қатысқан.