AliExpress базарында қазақстандық тауарлар пұл болмай тұр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4124

Қазір бір зат өндірмей-ақ әлемдік сауда алаңына айналған интернет-тұғырнамалардың дәурені жүрген уақыт.

AliExpress базарында қазақстандық тауарлар пұл болмай тұр

Оларға өз тауарларымен шығуға Қазақстан да құлшынуда. Ал Ресей көршіміз болса, осы бағытта қадам жасап, оңбай жығылды. Бұдан еліміз қандай сабақ алуы керек?

Бүгіннен бастап, осы саладағы қытайлық жаһандық интернет-алып Alibaba Ресей нарығы үшін Tmall жаңа сауда интернет-алаңын қолданысқа енгізді. Компания оны болашақта бүкіл Еуразиялық одақ нарығына жаймақ ниетте. Сервис әзірше солтүстік көршіміз үшін тестілік режимде жұмыс жасайды. Толыққанды түрде платформа тек қазан айының ортасында іске қосылады деп жоспарлануда.

Қытайлық Tmall екі бағытта жұмыс жүргізбек: біріншіден, жеке интернет-дүкеннің, екіншіден, "маркетплейс", яғни сатушы компаниялардың шектеусіз санын біріктіретін электронды алаң қызметін атқарады. Бұл ретте клиенттердің тапсырыс берген тауарларын жеткізу әдеттегідей Alibaba-ның Қытайдағы емес, Ресейдегі серіктестерінің қоймаларынан жүзеге асырылмақ.

Мұны AliExpress-тің Ресейдегі және ТМД елдеріндегі даму жөніндегі директоры Марк Завадский растады.

"Tmall-дың құрылуы – тауарларды әлдеқайда мұқият іріктеу, сондай-ақ бірыңғай қоймалық және логистикалық шешім есебінен қызмет көрсету сапасының одан әрі жақсара түсуін білдіреді. Тауарлар сонымен бірге енді клиентке жақын жердегі постаматтар мен беру бекеттеріне де жеткізіледі", – дейді Марк Завадский.

Осылайша, AliExpress солтүстік көршімізде жерсіндіру үдерісін бастады. Яғни, қытайлық компания РФ экономикасын дамытуға жұмыс жасайды: сонда салық төлейді және осы ел аумағында өнімін өткізетін шетелдік компанияларды қолдайды.

Дегенмен, бұл бәрібір отандық тауарлардың өрісін кеңейтуді білдірмейді. Өйткені ресейлік тауарлар AliExpress-те өтпейтіні анықталған.

РФ өнеркәсіп және сауда министрлігі өткен жылы AliExpress жаһандық интернет-алаңында ресейлік тауарларды ілгерілету бойынша пилоттық жобасын қолға алған болатын. Алайда артынша бұл жобасының сәтсіздікке ұшырағаны мәлім болды. Әлем бойынша сатып алушылар бірнеше ай ішінде осы алаңдағы ресейлік тауарларға қатысты небары 24 тапсырыс қана жасаған!

Мұның себебін түсіндірген AliExpress біріншіден, ресейлік тауарлар құнының тым қымбат болып шыққанын алға тартады. Себебі, осы алаңда бәсекелестік жоғары, оған баға бойынша төтеп беруің міндет. Екіншіден, ресейлік тауарлар "іш пыстырарлық" болып шыққан және жаһандық сатып алушыларды қызықтырып, өз сегментіне тарта алмаған. Ал мысалы, қытайлық компаниялар керісінше, кез келген жолмен халықаралық қауымдастық назарын аударып, көңілін аулауға тырысады.

Бұл ретте саудаға көрген адамды айран асыр ететін, қайран қалдыратын, тіпті ұялтатын тауарлар ұдайы шығарылып отырады екен. Ондай өнімдер пайда болған сайын әлеуметтік желілер, тіпті салмақты басылымдар мен телебағдарламалар қытайлық сондай оғаш әрі тосын тауарларды көрсетіп, әжуалап, күлкіге айналдырып жатады. Бірақ сауда алаңы өз дегеніне жетеді: біріншіден, ол туралы бүкіл әлем әңгіме етеді. Екіншіден, тіпті осы алаңда ешқашан электронды түрде сауда жасауды ойламаған адамдардың өздері "ауызды ашқызып, көзді жұмғызатын" тауарларды тамашалау үшін оған бас сұғады.

Ресей AliExpress сауда алаңында "Мода. Сделано в России" жеке бөлімін іске қосқан болатын. Онда солтүстік көршіміз өз өндірушілері жасаған киім-кешектерді, аяқ киім түрлерін, керек-жарақ аксессуарларды бүкіл дүниежүзіне сатпақ болды. Алайда содан кейінгі бірнеше айда клиенттер бұл бөлімде тек 24 тапсырыс жасаған және 552 тауарды "Менің қалауым" себетіне сақтап қоюмен тынған. Ал бөлімге кіріп, тамашалаған адамдардың жалпы саны 130 мыңнан асыпты. Енді осы көрсеткішті көшедегі дүкеннің үлгісіне салсаңыз, ағылып келген 130 мың келушінің тек 24-інің тауар сатып алуы ол сауда орны үшін нағыз "апатқа" теңесер еді.

Қазіргі кезде AliExpress алаңындағы аталған бөлім әлі күнге бар, бірақ жұмыс жасамайды, тауарлар да сатылмайды.

Қытайлық бизнесмендермен бірге осы жобаны қолға алатынын РФ үкіметі 2015 жылдың қазанында жаһанға жар сала хабарлаған болатын. Сонда бұл алаңда "іздеу" кезінде ресейлік тауарларға басымдық берілетіні, ал ресейлік бөлімге кіру тетігі AliExpress-тің басты бетінде орналасатыны жарияланды. Осыдан кейін былтыр жобаға қатысуға ресейлік 466 алпауыт компания шақырылды. Бірақ олардың 369-ы бас тартыпты: олар интернет-саудаға және бөлшек саудаға мүдделі еместігін мәлімдеген.  

Нәтижесінде қытайлық алаңға шамамен жүз бренд шықты. Бірақ олар да ізінше AliExpress жұмысындағы олқылықтарға шағымданыпты. Себебі, бұл сауда алаңы негізінен қытайлық компаниялар стратегиясына негізделген және оңтайландырылған екен. Нәтижесінде, ресейлік бөлімнің тұсауы 2015 жылдың 20 қарашасында кесілгенімен, тек жыл аяқталар тұста ғана "ірі проблемаларды жоюға қол жеткізіліп", тапсырыстарды қабылдау басталған.

Сондай-ақ қытай тілінде жұмыс жасайтын және содан кейін ғана ағылшын тіліне аударылатын бағдарламалық қамтылыммен байланысты қиындықтар туындаған. Оның үстіне "өнім құнын қосарлама конвертациялау үдерісі сол қалпы тұрақтана алмапты".

Қазақстан осы жаһандық сауда алаңына шыққанда, осы және басқа да мәселелерді ескергені жөн.

"Оның сайты қытайлық сауда компанияларына бейімделген. Осының кесірінен сайтқа ақпаратты жүктеу және платформаны бейімдеу үдерісі өте шабан жүреді", – деген қорытындыға келді Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі.

Бұл алаңға шықпас бұрын біздің ел үкіметі баға бойынша қытайлық өндірушілермен бәсекелесе алар отандық компаниялардың пулын түзгені абзал. Әйтпесе, мәселен, ресейлік компаниялардың ұсынғаны қытайлық баламаларынан бірнеше есе қымбат болды. Мәселен, Trends Brands Base свитшоты ресейлік бөлімде 3,2 мың рубльге бағаланған, ал соған ұқсас қытайлық тауар небары 153 рубльдей тұрған. "Анна Чапман" теріден жасалған клатч 6,8 мың рубльге, ал қытайлық баламасы 1,5 мың рубльге саудаға қойылған.

Бұған қоса, ресейлік өндірушілер маркетплейсте жұмыс істеудің жөнін білмейтін болып шықты.

"Маркетплейстегі жұмыс – тұтас бір ғылым, жеке технология, басқа ментальдылық. Ресейлік фабрикалар бұл жұмысқа дайын емес", – дейді Марк Завадский. Сондай-ақ фабрикалар өз тауарларын рубльге сатуға ынталанған.

Қазақстан да қазіргі кезде Alibaba-мен осы бағытта ынтымақтастық жасауға ұмтылуда. 2016 жылдың қыркүйегінде ҚХР-ға жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Alibaba Group негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Джек Мамен келіссөздер жүргізді. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері де ынтымақтасу және Alibaba-ның Қазақстанда филиалын құру мәселесін талқылады.

Өз кезегінде Джек Ма елбасыға Қазақстанмен ынтымақтасуға ынта-ықыласын білдірді:

"Біздің компания жалпы ішкі өнім жөнінен бүкіл әлемде 20-шы орында тұр. Бүгінде біз интернет-технологияларды және е-коммерцияны пайдалануда жастарға, шағын және орта бизнеске көмектесуді өзіміздің басты міндетіміз деп білеміз. Олар бүкіл әлем бойынша халықаралық сауда жүргізуге мүмкіндік алады. Интернет-салада біз АҚШ, Қытай, Еуроодақ және Жапониядан кейінгі 5-ші ірі экономикаға айналуды мақсат тұтып отырмыз. Дәл осы тұрғыдан алғанда біз Қазақстанды өзіміз үшін өте маңызды ел ретінде қарастырудамыз. Мен Қазақстанға бірнеше рет сапарладым, қазақстандық премьермен екі рет кездестім. Қазақстанда аса ірі мұнай және энергетикалық компаниялар жұмыс жасауда, ал біз шағын және орта бизнеске екпін түсіргіміз келеді", – деген еді Ма мырза.

Ол "қазақстандық тауарлардың Қытайда сатылуына септесетіндерін" жеткізген-тін. Бұл ретте ел басшылығы Alibaba-мен серіктесетін отандық компания ретінде "Қазпошта" ұлттық компаниясын белгіледі.

Қазіргі кезде осы сауда алаңына 150 қазақстандық бренд ұсынылып отыр, олар тамақ өнімдерін, киім түрлерін, косметиканы және басқа да азық-түліктік емес өнімдерді өндіреді.

Алайда "Қазпоштаның" хабарлауынша, онлайн-нарыққа шығуда бұл компаниялар бірқатар қиыншылықтарға кезігуде. Себебі, 2016 жылдың 8 сәуірінен бастап, Қытай үкіметі интернет-дүкендер арқылы сатылатын импорттық тауарларға (Cross-border E-commerce Retail Import немесе CERI) кедендік баж салығын көтеріп жіберді. Бұл салық орташа есеппен 15-60%-ға жоғарылап отыр. Осының кесірінен, қазақстандық тауарлар бұл онлайн-нарыққа жасаған алғашқы қадамынан сүрінді. Өйткені олар ақырғы тұтынушы үшін баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін жойып алды.

Сондықтан қалыптасқан жағдайдан шығар басқа жолдар қарастырылуда. "Қазпошта" жобаның жолда қалмайтынынан, оны жүзеге асыруға кедергілер алда жойыларынан үміттенеді. Және бұл бағытқа оптимизммен қарайды.

"Электрондық коммерция бүгінде бүкіл әлем бойынша жылдам дамуда. Жаһандық ауқымда оның көлемі 2 трлн долларды құрайды. АҚШ бұл нарықтың негізгі қозғаушы күші болып табылады, сонымен бірге Қытай қарқын алды. Қазірдің өзінде әлемдегі электрондық коммерция нарығының жыл сайынғы өсуі 30%-ға жетті. Қазақстанда бұл көрсеткіш 25%-ға тең және өсімнің негізгі драйверлерінің бірі ретінде Қытай интернет-алаңдары болып отыр", – дейді "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сакен Сарсенов.

Қазір әлемде 3,2 млрд адам интернет қолданса, оның жартысы, яғни 1,6 млрд адам онлайн сауда жасайды. Қазақстандағы электрондық коммерция нарығының көлемі 2016 жылғы қорытынды бойынша 157 млрд теңге болды. Бұл барлық бөлшек сауда көлемінің 2,6%-ы немесе Қазақстан ЖІӨ-сінің 0,32%-ы.

"Елімізде электрондық сауданың жұмыс істеуі үшін базалық экожүйе жақсы дамыған: 200-ден астам интернет-дүкендер, 70-тен астам логистикалық компаниялар жұмыс жасайды, түрлі төлем құралдары да бар. Ел тұрғындарының 72%-ы интернетті қолданады, бірақ интернет-дүкендерден олардың тек 6%-ы ғана сауда жасайды. Демек, елімізде электрондық сауданы өсіру үшін орасан зор әлеует бар", – дейді Сәкен Сарсенов.

Ол Қазақстандағы кіріс поштаның жалпы көлемінде қытайлық сәлемдемелердің үлесі жылдан жылға артып келе жатқанын және ол күніне 60%-дан асатынын айтады:

"Қазірдің өзінде Қазақстанға шетелден күніне 20,4 мыңнан астам сәлемдеме жеткізіледі, ал Қазақстан ішінде күніне 12,4 мың сәлемдеме жолданады. 2020 жылға қарай нарық күніне 300 мың сәлемдемеге дейін артпақ. Қазақстандықтар шет елдерден AliExpress, Amazon, eBay сияқты интернет-дүкендерден белсенді сауда жасайды. Сәлемдемелерді жеткізу мерзімдерін Қазақстан бойынша 15 күннен 6 күнге, басқа елдерден 45 күннен 18 күнге дейін қысқарту туралы "Қазпошта" жобалары да осы өсімге әсер етеді. Сонымен қатар компания бөлімшелер мен сұрыптау орталықтарын жаңартты және автоматтандырды, 74 сәлемдемелер супермаркетін іске қосты, 130 поштамат орнатты. Бұлардың бәрі қызметтің тиімділігін артыруға және тұрғындар мен бизнес үшін логистикалық қызметтер құнын төмендетуге мүмкіндік туғызды", – дейді ұлттық пошта операторының басшысы.

Транзиттік жобаларға қатысу үшін және жалпы алғанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту үшін "Қазпошта" Қытайдан Еуропаға және кері қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жөнелтімдерге арналған хабтарды іске қосты. Бұл жобалар Қытайдан Ресейге және Еуропаға барлық транзиттік көлемдердің 20%-дан астамын Қазақстан арқылы өткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қазақстан арқылы транзиттік ағындар көлемі 2016 жылы 53%-ға өскен: егер 2015 жылы 6,5 млн сәлемдеме өткізілсе, былтыр бұл көрсеткіш 10 млн-ға жетіпті. Сәкен Сәрсенов 2017 жылы бұл өсім 91%-ға өсіп, 15 млн сәлемдемені құрайтынына және бұл ағында отандық тауарлардың шетелдік электронды сауда алаңдарында сатылған өнімдері де өз орнын аларына сенімді.

Мамандардың болжамынша, Қазақстандағы электрондық коммерцияның дамуы логистика, ақпараттық технологиялар, өндіріс, шағын және орта кәсіпкерлік салаларында 2020 жылға дейін 276 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, еліміздің ЖІӨ-сін 0,2%-ға көтеруге және Қазақстанның электрондық коммерцияда барынша дамыған 30 елдің қатарына кіруіне жағдай туғызуы ықтимал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу