Әлихан әлем чемпионатында гол соғып, Ұлыбританияны ұттық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2482

Қазақстан ұлттық құрамасы шайбалы хоккейден Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді.

Әлихан әлем чемпионатында гол соғып, Ұлыбританияны ұттық Фото: cehockeyuk.co.uk

Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында барлық командалар екі ойыннан өткізді. Бұл – бірінші дивизионындағы "А" тобында дода. Әзірше көш басында – Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы. Біздің елдің хоккейшілері екі рет жеңіске жетті. Ал Словения саңлақтары екі мәрте жеңіліске ұшырады. Қалған төртеуі, яғни Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания құрамалары бір ұтылып, бір ұтты.

Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрия хоккейшілерін 3:0 есебімен тізе бүктірген соң, бір күн дем алды. Одан кейін Ұлыбритания құрамасымен кездесті. Ал бұл команда алғашқы ойынын сәтті өткізіп, азулы Словения хоккейшілерінен басым түскен болатын (3:1).

Ұлыбритания құрамасы ойын басталған бетте атойлап алға шауып, 3-минутта есеп ашты. Әрине, біздің жігіттер мұндайды күткен жоқ еді. Сәл де болса, абдырып қалды. Екі рет артық құрамда ойнаса да, гол соға алмай, пұшайман болды. Дегенмен, жігерлері жасымай, еңселерін тіктеп, шабуылды үдете түсті.

"Ер кезегі үшке" дегендей, Ұлыбритания құрамасының бір ойыншысы үшінші рет алаңнан қуылып, біздің жігіттер тағы да артық құрамда ойнағанда, таразы басын теңестірудің сәті түсті. Екінші бестіктегі жігіттер сенімді ақтап, голды Дмитрий Гренц салды. Бірінші кезең осылай аяқталды.

Екінші кезеңде біздің жігіттер ширақ қимылдады. Антон Сагадеев пен Роман Старченко екі гол соғып, Қазақстан құрамасы алға шықты. Бірінші кезеңдегідей емес, Ұлыбритания хоккейшілерінің қарқындары бәсеңсіп, аптықтары басылып қалғандай болды.

Үшінші кезең басталғанда, екі командадан бір ойыншы бірінен кейін бірі айдыннан қуылып, екі құрамада төрт хоккейшіден қалды. Мұндайда қай команданың ойыншыларының техникалық шеберліктері жоғары болса, сол ұжым гол соғады. Рымарев пен Старченко дәл осы қағиданы іс жүзінде дәлелдеп, соңғысы гол соқты.

Ұлыбритания хоккейшілерінің ұнжырғалары түсіп кетті. Олар естерін жиып үлгермей, Никита Михайлис бесінші голды салды. Британиялықтардың бас бапкері Питер Рассел кеш те болса қақпашысын ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ ол да гол жіберіп алды.

21-ден асқан жас талантымыз, Әлихан Әсетовті айтамыз, шайбаны өз қақпамызға таяу көк жолақтың бойынан таяқшасымен іліп алды да, алға қарай құстай ұшты. Жан-жағынан қаумалаған Ұлыбританияның төрт ойыншысын жаңылыстырып, шайбаны алыстан шірене тартты. Алдындағы екі қорғаушы да, ойынға тыңнан қосылған қақпашы да қапы қалды.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы 6:1 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді. Әрі алты ұпаймен көш бастады. Шайба айырмасы: 9-1. Бәрінен жоғары. Енді Италия құрамасымен кездеседі. Бұл елдің хоккейшілері Польша құрамасын жеңгендерімен (3:1), Венгрия құрамасынан ұтылып қалып (2:3), кейбір мамандарды таң қалдырды.

Әлем чемпионаты. 1-дивизион, "А" тобы. Екінші күн

Польша – Словения – 4:2

Венгрия – Италия – 3:2

Қазақстан – Ұлыбритания – 6:1 (1:1, 2:0, 3:0)

Голдар: Феррара (Брукс), 02:33. Гренц (Евдокимов, Михайлис), 14:28 (1:1) – артық құрамда. Сагадеев (Лакиза), 32:22 (2:1). Старченко (Кучин), 34:20 (3:1). Старченко (Рымарев), 41:58 (4:1). Михайлис (Лакиза), 45:55 (5:1). Әсетов, 46:44 (6:1).

Қазақстан: Хенрик Карллсон; Кевин Даллмэн – Максим Семёнов, Роман Старченко – Иван Кучин – Евгений Рымарев; Артемий Лакиза – Леонид Метальников, Никита Михайлис – Дмитрий Гренц – Ярослав Евдокимов; Кирилл Полохов – Валерий Орехов, Антон Сагадеев – Владимир Маркелов – Павел Акользин; Мадияр Ибрайбеков – Максим Волков, Әлихан Әсетов – Дмитрий Гурков – Егор Петухов.

Маруан Түсіп

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу