Әлихан Смайылов: Бизнеске қойылатын артық талаптарды жою керек

2029 жылы шағын-орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 4,7 млн адамға жетеді 

Әлихан Смайылов: Бизнеске қойылатын артық талаптарды жою керек Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті реттейтін "таза парақтан" реформасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бизнеске әкімшілік жүктемені барынша азайту мақсатында қолданыстағы реттеуші актілердің бәріне ауқымды талдау жүргізілді. Кәсіпкерлік қызметті реттеудің 44 саласына жан-жақты талдау жасалды. Нәтижесінде жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап анықталды.

Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша Міндетті талаптар тізілімі жасалды. Тізілім қажет кезде қайтадан қаралып, реттеліп отырады. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.

Мемлекеттік бақылау жүйесінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. 35 салада бұл жұмыс аяқталды. Ол кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға мүмкіндік береді.

"Жалпы, "таза парақтан" реформасы бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан, осы бағыттағы бірлескен жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажет. Үкімет бизнестің сындарлы ұсыныстарын қолдауға қашанда дайын. Бизнестің тұрақты да табысты қызметіне бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі. Кәсіпкерлер осыны сезінулері керек", — деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Атқарылған жұмыстар 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Премьер-Министр бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету, заңға тәуелді актілерге тиісті түзетулер енгізуді жылдамдату және бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін айтып өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу