Әлихан Смайылов: Мектеп формасы мен құралдарының бағасына қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым

1779

"Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар".

Әлихан Смайылов: Мектеп формасы мен құралдарының бағасына қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым

Премьер-министр Үкімет мектеп формасы мен құралдарының бағасын реттеуге қатысты қандай шаралар қарастырып жатқанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz Смайыловтың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап. 

"Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді", – дей келе, Әлихан Смайылов "Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар" екенін жеткізді. 

Үкімет басшысы төмендегідей тапсырмалар жүктеген:

"Біріншіден, мектеп формасына бағаны ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі "Атамекен" ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді;

Екіншіден, Сауда министрлігі "Атамекен" ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтарымен және базарлармен канцеляриялық тауарларға, сөмкелер мен аяқ киімдерге және басқа да керек-жарақтарға бағаларды ұстап тұру мәселелерін пысықтайды;

Үшіншіден, әкімдіктер "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады;

Төртіншіден, әкімдіктер аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды атаулы көмек көрсету үшін бекітіп беретін болады;

Бесіншіден, бүгінгі таңда мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған "Жаппай оқыту" қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды".

Премьер-министрдің сөзінше, енді мемлекеттік органдар мен әкімдіктер осы бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу