"Әліппені қазақ тілінің қасиетін сақтай отырып дайындау – аса маңызды"

8920

Оқулық – халықтың көкейінде бұрыннан жүрген басты мәселенің бірі. 

"Әліппені қазақ тілінің қасиетін сақтай отырып дайындау – аса маңызды"

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылына дайындық барысы жайлы айта келіп, әліппеге қайта оралу мәселесін көтерді.

"Әліппеге қатысты шешім өте маңызды. Бүгінгі күні "Әліппе" мемлекеттік стандартқа енгізіліп, әділет министрлігінде тіркелді. Қазір бағдарламаны дайындап, бекітуге әзір отырмыз. Ең бастысы – әліппе үлкен ғұламамыз Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде болады. Яғни, әліппені қазақ тілінің өзіне тән қасиеттерін сақтай отырып дайындау аса маңызды болып тұр. Мысалы, оңайдан күрделіге көшу, дыбысталу ерекшелігін сақтау. Қазақ тілінің өз фонетикалық ерекшелігі бар. Сондықтан ғалымдармен бірлесе отырып бағдарлама жасадық. Осы оқулық қолданысқа енгізілгеннен кейін, 1-2 тоқсанда балаларымыз "Әліппе" оқулығымен сауатын ашады. Одан кейін, 3-4 тоқсанда "Ана тілін" оқитын болады. Ең бастысы, әліппені ресми түрде ғана оқу емес, мазмұнына көңіл бөлу. Балалар бірінші сыныпқа әр түрлі деңгейде келеді. Қазір тиісті дайындық жұмыстары қарқынды жүруде", – деді министр.

Министр өз сөзінде оқулықтар мәселесі көпшілікті толғандыратынын сөз етті. 

"Оқулық – халықтың көкейінде бұрыннан жүрген ең басты мәселенің бірі. Кейбір әріптесіміз оқулықты "қосымша құрал" дейді. Бұнымен мен келіспеймін. Оқулық деген бала үшін ең негізгі құралдардың бірі. Оқушы оқулықтағы ақпаратты бойына сіңіреді. Сол себепті, бұл мәселеге баса назар аударып, оқулықты әзірлеу процесін түбегейлі өзгерттік. Бұл тек авторлардың немесе баспаханалардың ғана проблемасы емес. Біз министрлік ретінде жауапкершілікті өз мойнымызға алуымыз керек. Өйткені авторлар немесе баспаханалар қателік жіберсе де, еліміздегі білім саясатын Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отыр. Сондықтан бұл саясатты біз қазір күрт өзгерттік", – деді ол.

Білім және ғылым министрлігі басшысының сөзінше, оқулықтар шығару үдерісі бүгінгі күні айтарлықтай өзгерген.

"Оқулықтар шығару ең алдымен бағдарламаны әзірлеуден басталады. Бағдарламада болған мәселелер оқулыққа да шығады. Алдымен бағдарламаны әзірлеп, сынақтан өткізіп, оған жан-жақты сараптама жасау қажет. Содан кейін ғана оқулыққа енгізу керек. Сараптамадан өткізуге мұғалімдері 7 күнге шақырып, қаншама кітапқа сараптама жасатудың еш тиімділігі жоқ. Жақсы мұғалім – әрине жақсы мұғалім. Бірақ ол кітаптарға сараптама жасайтын маман емес. Өйткені "Оқулықтану" деген өзінің заңдылықтары бар, бөлек бір ғылым. Жалпы, оқулықтар жөнінде биыл жаңа ереже қабылдадық. Бұдан былай жаңа ережеге сүйеніп жасалған жаңа форматтағы оқулықтардың барлығы басқа сапада шығатын болады. Мен бұған сенімдімін", – деді Асхат Аймағамбетов.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу