Алкоголь өнімдерін заңсыз сататындарға айыппұл салынып жатыр

9565

Кәсіпкерлер дабыл қағуда.

Алкоголь өнімдерін заңсыз сататындарға айыппұл салынып жатыр

Ауыл-аймақтағы дүкен иелері полицейлердің жасөспірімдерге немесе түнгі уақытта заңсыз арақ-шарап сату деректерін анықтау есебінен көрсеткіштерін көркейтуге тырысатынына наразы.

Мәселен "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметінше, қарағандылық полицейлер осы тәсілмен өз жұмыстарының нәтижелерін жасанды түрде жақсартуға тырысыпты: Пришахтинск қаласындағы дүкен қожайынына қатысты хаттама ойлап тапқан. Олар тіпті аталған дүкенде арақ-шарап сатылмайтынын да назарға алмаған. Бұл іске кәсіпкерлер палатасының сарапшылары араласып, бизнесменнің ешқандай заң бұзбағанын, қылмыс жасамағанын дәлелдеп шықты.

Хаттамада дүкеннің сағат 21:00-дан кейін клиентке бір шөлмек арақ сатқаны айтылады. "Атамекен" сарапшылары ең алдымен, бұл құжаттың өрескел қатемен толтырылғанын байқаған: біріншіден, ол ықтимал заңбұзушылық орын алды делінген күннен кейін екі күн өткен соң ғана жасалған. Екіншіден, бизнес-ханым Лариса Краснощекованың айтуынша, полиция мас адамды тауып алып, дүкенге бастап келген. Маскүнем шөлмекті түн ішінде дәл осы дүкеннен сатып алғанын мәлімдепті. Хаттама да артынша сол мәлімдемеге негізделген.

Бұл масқараны ести сала, дүкен иесі Қарағанды облысы бойынша кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Оның ісі кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында арнайы қаралады.

"Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне қатысты "Краснощекова жеке кәсіпкерлігінің" шағымы биылғы сәуір айында түсті. Оған қатысты хаттамада кешкі тоғыздан кейін ішімдік сатқаны айтылады. 21:00-ден кейін спирті жоғары ішімдіктерді өткізуге тыйым салынғаны мәлім. Алайда біріншіден, хаттама толтыру кезінде кәсіпкер ханымның өзін шақырмаған. Оның құқықтары түсіндірілмеген. Екіншіден, ішімдіктің 10 сәуірде сатылғаны көрсетілген, бірақ неге екені белгісіз, хаттама тек 12 сәуірде жасалған. Үшіншіден, екі куәгердің аты-жөні тұр, алайда олардың қолы жоқ. Оның үстіне, алкогольдің 21:00-ден кейін сатылғанын растайтын ешқандай құжат қоса тіркелмеген. Осыған сүйеніп, біз сотқа жүгіндік. Сотта құқықбұзушылықтың жасалу дерегі дәлелденбеді. Іс бойынша өндіріс тоқтатылды", – дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету жөніндегі бөлімнің сарапшысы Юлия Олейник.

Сарапшы бизнесмендер тарапынан осыған ұқсас арыз-шағымдар саны барған сайын артып келе жатқанын растады. Сондықтан бұл мәселені Қарағанды облысының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне маусым айындағы отырысында жеке қарауға тура келіпті.  

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Евгений Әбішев полиция қызметкерлерін жинап, заңды сақтау қажеттілігі туралы әңгімелесу жүргізілгенін айтады. Сондай-ақ хаттаманы дұрыс толтыруға үйрету жұмысы жүргізілмек.

Әрине, полицейлерді де түсінуге болады. Жергілікті жерлердегі кейбір алақол дүкендердің иелері арнайы лицензия алмай-ақ, сөре астынан жасырын ішімдік сататыны да құпия емес. Олардың бұл заңсыз әрекетін тәртіп сақшылары біледі және жазаға тарту үшін ара-тұра "бақылаулық сатып алу" ұйымдастыруға барады.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер осы қылмысқа кейде сатушысы кесірінен арандайтынын мәлімдеуде. Мысалға, Павлодардағы тәулік бойы ашық дүкен иесіне түн қараңғылығында өткізілген екі бөтелке сыра үшін үлкен айыппұл салынған. Оған спирт өнімдерін сату лицензиясынан айырылу қаупі де төнді. Өйткені бұл дүкенде бұрынғы сатушылардың да кәмелетке жасы толмағандарға жеке куәлігін сұрамай, ішімдік сату деректері тіркелген. Бұл жолы сыраны клиентке жұмысқа жаңа алынған сатушы қыз өткізіпті, ол полицейлерге бұл алғашқы жұмыс күні екенін және Қазақстанда ондай тыйым барлығын білмегенін айтып ақталған.   

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабына сәйкес, алкогольдік өнімдерді өткізу талаптарын бұзғаны үшін кәсіпкерлік нысаны иесіне 40 айлық есептік көрсеткіш (101 мың теңге) айыппұл салынады.

Ал егер бұл талап қайтара бұзылса, айыппұл көлемі екі есеге – 80 АЕК-ке дейін өсіп шыға келеді.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті де этил спиртінің үлесі 30%-дан асатын ішімдіктерді кешкі 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін сатуға тыйым салғанын ескертеді.

"Жедел-профилактикалық шара барысында елордада алкоголь өнімдерін түнде сату фактісі әшкереленді. Дүкен иесі 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Биылғы жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы бойынша ішімдік өнімдерін сату талаптарын бұзғаны үшін шамамен 70 бизнес нысанын жауапкершілікке тартты", – деп мәлімет берді астаналық полиция.

Дегенмен, бұл салада кәсіпкерлерді алда бұдан да салмақты сын-тегеурін күтіп тұрған сыңайлы. ЕАЭО мүшесі Ресейде үкімет алкоголь мен сигарет саудасын тек мамандандырылған дүкендерде жүргізу туралы арнайы заң жобасын МемДумаға енгізді. Бұл заң жобасына РФ денсаулық сақтау министрлігі қолдау білдірді. Құжат бойынша ондай дүкендерге балалар мен жасөспірімдердің, яғни балиғат жасына жетпеген барлық азаматтардың кіруіне жол берілмейді. Құрамында спирті бар өнімдерді қарапайым дүкендерде сатуға тыйым салынады.

Ал Ресейде енгізілген жаңалықтар ізінше бүкіл еуразиялық одаққа тарайтыны мәлім.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу