Алма ағашы тамызда да гүлдейді

Қажет Андас Қажет Андас
5486

Жергілікті тұрғындар бұл құбылысты алда аталып өтетін Кенесары ханның 170 жылдығымен байланыстырып отыр.

Алма ағашы тамызда да гүлдейді

Алматы облысының Бақтыбай ауылындағы алма ағаштар тамыз айында гүлдеді. Табиғаттың тосын сыйы жергілікті тұрғындарды абдыратып тастады.

"Бақтыбай ауылына көшіп келіп, қоныстанғанымызға оншақты жыл болды.  Мұндай құбылысты бірінші рет көріп тұрмын", – деді телефон арқылы хабарласқан Бақтыбай ауылының тұрғыны Раушан Тоқтанқызы.

Бұл құбылысты біз де көріп, қызықтадық. Кенесары хан көшесіне орналасқан  44 үйдің ауласындағы алма ағашы көктемдегідей бүр жарып тұр екен.

Айта кетерлігі, гүлдеген алма ағашының жемістері әлі пісіп үлгермеген.

"Бұл ағашты жеті жыл бұрын отырғызған едім. Көшетін базардағы жаймадан сатып алғанмын. Қандай сортқа жататынын білмеймін. Осымен үшінші жыл жеміс берейін деп тұр. Жемісі шырынды, жерге түсірмей жинап, дұрыс сақтасаңыз келесі жылдың көктеміне дейін бұзылмайды", – дейді үй иесі Мұрат Бүркітбаев.

Осы ауылда бар ғұмырын өткізіп, сексеннің сеңгіріне шыққан Сотцалбай Жабаев ақсақал да тамызда гүлдеген алма ағашын алғаш рет көргенін айтып, таң қалып отыр.

Бұл құбылыс экологтар мен табиғат жанашырларының да есін шығарды.

"Балқашқа құятын Қаратал мен Көксу өзенінің аңғарындағы бұл мекенде негізінен жиде ағашы мол өседі. Жоңғар Алатауының баурайы алманың тарихи мекені саналғанымен өзен аңғарындағы елді мекендерге алма ағашы кейінгі кездері жерсіндірілген. Жеміс ағаштарының мезгілсіз гүлдеуіне биылғы ауарайындағы өзгеріс әсер еткен болуы мүмкін", – деді эколог Дәурен Тұрғанбеков.

Расында биылғы аптап ыстық Жетісу жерін әлі жеткенше әбден қуырды. Бұрындары 35°C ыстық болса төтенше жағдай қызметінің телефонына маза бермейтін жерлестеріміз биылғы 47°C-ға жеткен ыстықты сабырмен қарсы алды. Тамыз айы туа салысымен күн райы салқын тартты. Содан бастап таңғажайып құбылыстар көрініс таба бастады.  

Біздің жұрт тосын жаңалық болса, оны наным-сенімге телиді. Бұл жолы да солай болды. Жергілікті тұрғындар ауылдың басқа көшелеріндегі алма ағаштары қалыпты жағдайда жеміс беріп жатқанда,  Кенесары хан көшесіндегі ағаштың тамызда бүр жарғанын алдағы уақытта Кенесары ханның 170 жылдығы халықаралық деңгейде дүркіреп өтетіндігімен байланыстырып отыр.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу