Алма бағын баптау – бала күткеннен ауыр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
9806

Минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті дұрыс бермесеңіз, алманы өлтіріп алуыңыз әбден мүмкін.

Алма бағын баптау – бала күткеннен ауыр

"Түлкібас" десе, алма, "алма" десе, Түлкібас еске түседі. Түлкібас – алмасымен аты шыққан өңір. Ауданның орналасу аймағы да ерекше. Таулы аймақтың ауа райы қоңыр салқын, алма бау, жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы.

Кеңес үкіметі кезінде мұнда алманың "жеті атасы" өсірілді. Таулы өңірдің тәттілігі тіл үйірер апортынан дәм татқан ата-апаларымыз әлі күнге тамсанып отырады. Бұл сортты өсіру үшін таңдап алынған алқап теңіз деңгейінен 900 метр биікте орналасқан. Бұл талапқа тек Алматы қаласы мен Түлкібас ауданының таулы өңірі ғана жауап бере алады екен.

Қазіргі таңда Түлкібас өңірінде "Апорт" сортын өсіріп жүрген шаруашылықтардың саны аса көп емес. Өйткені, бұл сорт қысқа мейлінше төзімді болғанымен, 7-8 жылдан кейін ғана өнім береді. Десек те, түлкібастық бағбандар апорт өсіруден қол үзбепті. Бүгінде ауданда апорт алқабы 200 гектарға жетіпті.

"Апорттың жемісі ірі келеді. Бір алманың салмағы шамамен 500-600 грамға дейін жетеді, түсі алқызыл болып келеді. Бұл сорттың жемісі қыркүйек айында піседі, қаңтар ақпан айларына дейін еркін сақтауға болады", – дейді "Көктал" шаруа қожалығының төрағасы Бейбіт Төлешов.

Жеміс өсіру шаруашылығында алма сортының ерекше маңызы бар. Сондықтан, бау ағаштарын еккенде сорттарды дұрыстап іріктеп алу мәселесіне ерекше назар аудару қажет екен.

"Сорттың аса маңызды сапалы қасиеттеріне: қысқа төзімділігі, жеміс беру кезеңі қолайлы, өнімділігі мен жемістері сапасының ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына мән берген жөн", – дейді Бейбіт Асқарұлы.

Биыл "Көктал" шаруа қожалығы 230 га алма бауынан 5 мың 100 тонна өнім жинапты. Оның 2 мың тоннасы қоймада сақтаулы тұр екен. Алдағы уақытта қожалық барлық өңірді экологиялық тұрғыдан таза, жергілікті сапалы өніммен қамтамасыз етіп, мол табысқа қол жеткізбекші. Негізгі өнімді облыс аумағында саудалайды екен.

2004 жылы құрылған шаруа қожалығы 220 га алма бауын алғашқыда тамшылатып суару әдісімен жайқалтса, қазір кәдімгі арықпен суаруды қолға алыпты. Өйткені, алма дарақтарының діңгегі үлкейіп кетіпті.

"Қиындықтар аз емес. Тамшылатып суару технологиясын енгізу үшін әр гектарға шамамен 250-350 мың теңге қаражат жұмсалады. Оның үстіне, мемлекет алма ағаштарын тіреусіз отырғызсаң субсидия бермейді", – дейді қожалық төрағасы.

"Алма ағашы ерекше күтіп-баптауды қажет етеді, бала күткеннен ауыр. Минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті талаппен бермесеңіз, өлтіріп алуыңыз әбден мүмкін", – дейді қожалықтың Түркиядан арнайы алдырған агрономы Атила Адак.

Ал Сарытөр ауылындағы "Зерде Агро" шаруа қожалығы 2011 жылы құрылыпты. Қожалық меншігінде тамшылатып суару әдісімен өсірілген 180 га алма бағы бар. Серіктестік 2012 жылы 48 га жерге, 2013 жылы 107 га алқапқа алма көшетін отырғызыпты. Негізінен, алма сортының Голден Делишес, Ределишес, Заилиское, Семиреченское түрлерін егіпті. Мұнда қазір 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмыстарға 30 адам тартылады екен.

"Кен-тау" шаруа қожалығы болса, алма бау өсірумен қарқынды айналысады екен. 2012 жылы құрылған шаруашылықтың жалпы аумағы 285 гектарға жеткен. Мұндағы алма сорттары да ерекше. Атап айтсақ, Голден Делишес, Голден Рейндерс, Грани Смит, Стар Кримсон, Голден Делишес, Гала, Фуджи, Ренет Бурхарде, Айдаред.

Қазақстанда агрохимия саласы ақсап тұрғаны жасырын емес. Елімізде өсімдікке арналған дәрі-дәрмек пен тыңайтқыштар мүлде өндірілмейді. Шетелдік химиялық өнімдердің құны аспандап кеткелі түлкібастық бағбандардың шығыны да артып отыр екен.

"Біздің шаруа қожалығымыз дәрі-дәрмек пен тыңайтқыштарға жылына 20 млн теңге шығындайды. Бәрі шетелден әкелінетіндіктен өте қымбат әрі тапшы. Осы мәселеге мемлекет мән берсе екен", – дейді серіктестік басшысы Радуллин Аширов.

Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында жеміс ағашының алқабы 3115 гектарға жетіпті. 2007-2015 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес алма бау мен жүзімдік көлемі ұлғайтылып, жаңа 1429 га жер алқабына алма бау егілген. Жергілікті билік 2020 жылға дейін алма бағын 3 600 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу