Алмақтың да салмағы бар

Әлеуметтік міндеттемелерді орындауда "АрселорМиттал Теміртау" ақсап, "Шұбаркөл" қамшы салдырмай тұр. 

Алмақтың да салмағы бар

Кен алып, кенішінің қызығына бөленіп отырғандар сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге мұрындық болуға тиіс. Облыс басшылығымен бәтуаласып, ынтымақтастық туралы ымыраға келгенде олар осындай мәні зор  міндеттерді мойнына алады. Қайсыбірі міндетін мүлтіксіз атқарса, кейбіреуінің "семіз сөйлеп арық шығып қалатыны" және бар. Бұған дейін, алпауыт "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның экологиялық міндеттемелерді орындамағаны үшін 600 млн теңге айыппұл салынғаны баршаға мәлім. Ал әлеуметтік міндеттемесін қиындықсыз атқарып жүрген "Шұбаркөл" АҚ-ы ширақтық танытып тұр.

Нақтылап айтсақ, ERG құрамындағы "Шұбаркөл  көмір" АҚ-ы Жаңаарқа ауданындағы Қызылжар кентінің әкімшілігіне жол талғамайтын темір тұлпарды тарту етті. "Жаңа көлік Қызылжар бекетінен тасымалданатын жүктердің сақталуын және кенттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етпек" деп хабарлайды "Шұбаркөл көмір" АҚ корпоративтік коммуникациялар қызметі. Бұл - 2017-2018 жылдарға арналған әлеуметтік маңызды жобаларға қатысты өзара ынтымақтастық туралы ERG мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында жасалған меморандум негізінде жүзеге асып отыр.

Меморандум бойынша ERG өңірдің әлеуметтік саласын қолдап, дамытуға 2017 жылы 182,6 млн теңге бағыттаған көрінеді. Соның 41 млн теңгесі  Шұбаркөл кенті қазандығының жабдықтарын жөндеу мен оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалыпты. Ал, 51 млн теңгесі Шахтинск қаласы мен Шахан кентіндегі тұрғын үйлердің қазандықтарын бөлек шығаруға қарастырылған. Сонымен қатар, "Шұбаркөл көмір" АҚ  тегін 3 мың тонна көмір бөліп, Қызылжар кентінің тұрғындарын көмірмен қамтыды.

"Шұбаркөл көмір" АҚ биылдан бастап Еуразиялық топтың активтері орналасқан өңірлердің кешенді дамуын қамтамасыз етуге ықыласты. Таратылған мәліметтерге сүйенсек, ERG әкімдіктермен бірлесіп, "Туған жер" бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама Еуразиялық топ өткізген кешенді әлеуметтік зерттеулер негізінде әзірленген. Өңірлердегі нақты қажеттіліктерді анықтау қорытындысы бойынша қаражат бұдан былай тек жергілікті тұрғындарға қажетті жобаларға бағытталады. Бағдарлама мақсаттарының бірі – жас мамандарды туған қалаларында өмір сүруге және жұмыс істеуге ынталандыру.   

"Меморандум өңірлерді дамытуға бағытталған тек ERG бастамаларымен шектелмей, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, Қарағанды облысы әкімдігінің әлеуметтік маңызды жобаларын да қамтиды. Бұл ERG қызметкерлері үшін ерекше маңызы бар жобалар. Атап айтсақ, "Қызылжар-Шұбаркөл-Баршын-Қорғалжын-Астана" автожолдарын жөндеу, Шұбаркөл  және Баршын кенттерінің инфрақұрылымын дамыту және көркейту, Абай қаласында көрермендерге арналған 320 орыны бар жабық бассейн салу, Қарағанды қаласында 250 орындық көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысын аяқтау және тағы да басқа жобалар бар" – деп хабарлады "Шұбаркөл көмір" АҚ корпоративтік коммуникациялар қызметі. 

Еуразиялық топ қатарынан 13 жыл бойы компанияның кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумдар жасап келеді.

Соңғы бес жылда (2012-2016 жылдарда) Еуразиялық топтың еліміздегі барлық кәсіпорыны қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік саланы қаржыландыруға, аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытуға, демеушілік пен қайырымдылыққа 103 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Сонымен қатар, меморандумдар аясында Қарағанды облысының дамуына осы жылдар аралығында ERG 2,4 млрд теңгеден астам қаржат құйыпты. Қаржы Қарағанды қаласындағы "Шапағат" тұрғын үйінің құрылысы және оған тиесілі аумақты көркейту, Нұра ауданы Шұбаркөл кентіндегі қазандықтың қызметін қамтамасыз ету, Қызылжар-Шұбаркөл облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды әлеуметтік жобаларға бағытталған.

Жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қарқаралы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын, Түгіскен және Ынтымақ ауылдарындағы мектептерді, Киевка кентіндегі балабақшаны күрделі жөндеуді атап айтуға болады. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы "Қарағанды Арена" мұз айдыны және теннис орталығы, Теміртаудағы ҚР тұңғыш президенті мұражайы, Атасу кентіндегі, Баршын, Жараспай және Кертінді ауылдарындағы спорт және ойын алаңдары құрылысына демеушілік көрсеткен.   

Қызғалдақ Айтжанова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу