Алмат Бекбаев: Құрама қақпасын келімсектер ғана қорғап жүр

2529

Қазақстанда төтенше жағдайға байланысты футболдан ел біріншілігі тоқтап тұр. Футболшылар карантин кезеңін қалай бастан өткеріп жатыр? Осы және өзге де сауалдарға еліміздегі үздік қақпашылардың бірі Алмат Бекбаев жауап береді.

Алмат Бекбаев: Құрама қақпасын келімсектер ғана қорғап жүр

- Алмат, "Жетісу" командасы карантин кезеңін қалай өткеріп жатыр? Жаттығуларыңыз жүріп жатыр ма?

- Иә, қазір еліміздегі жағдай барлығыңызға таныс. Футболшылар да карантинде. "Жетісу" ойыншылары түгел Талдықорған қаласында, өз үйлерінде жатыр. Дегенімен, видео байланыс арқылы бапкерлермен сөйлесіп, таңертең және кешке қарай жаттығулар жасаймыз. Одан қала берсе бос уақытта өзіміз жеке жаттығулар істейміз. Енді жақын арада елдегі жағдай жақсарып, футбол біріншілігі де қайта жанданады деген үміттеміз. Бәріміз футболды сағындық.

- Дегенімен, "Жетісу" командасы біріншілікте екі ойын өткізіп үлгерді. Алғашқы матчтар қалай болды? Жалпы маусымға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- Чемпионат басталмай тұрып бізді облыс әкімі Амандық Батталов қабылдады. Өткен жылғы мақсатымыз үздік бестікке ену болатын. Біз соны орындадық. Демек одан әрі өсе беру қажет деп, әкім мырза үздік үштікке еніңіздер деген мақсат қойды. Бапкеріміз Дмитрий Огай қаншалықты қиын болса да, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз деп уәде етті. Сол бапкердің үдесінен шығу үшін команда жасыл алаңда барын салып ойнады. Алғашқы матчта біз Ақтау қаласының "Каспий" клубымен кездестік. Премьер-лигаға 19 жыл салып қайта шыққан ұжымның жанкүйерлер алдында жанын салып ойнағанын байқадық. Десе де, екінші таймның бел ортасында бір гол салып едік, сосын қарымта шабуылда екінші гол да ене кетті. 2:0 есебімен жеңіске жетіп, біріншілікті жақсы бастадық. Футболда бірінші турды жеңіспен бастаған өте маңызды. Ал одан кейінгі ойынды біз біріншіліктің ең мықты командаларының бірі "Тобылға" қарсы өткіздік. Ол ойын 0:0 тең аяқталды. Жалпы алғанда екі ойынымыз да жаман болған жоқ. Бапкер айтқан тапсырманы бұлжытпай орындап шықтық. Алғашқы екі турдан кейін 4 ұпай жинауымызды жақсылыққа жорып отырмын. Енді біріншілік қайта жалғасса, осы қарқынымыздан таймауымыз керек.

- Алмат, Қазақстан премьер-лигасы басталғалы бері өз қақпасына гол жібермеген 2 қақпашы бар. Оның бірі "Қайсар" қақпашысы Марсель Исламқұлов, екіншісі өзің.

- Иә, қақпашы үшін гол жібермеу деген ұлы мұрат қой. Әзірге қақпаны аман сақтап тұрмын. "Тобылмен" болған матчта қарсылас командада 100 пайыздық мүмкіндік болды. Әйтеуір сәттілік жолдас болып, қақпаны аман алып қалдым. Қорғаныстағы жігіттердің де еңбегі зор. Өткен маусымда мен ұзақ уақыт гол жібермей, жақсы жағынан көріндім. Биыл да сол дәстүрді жалғастырсам деген ойым бар.

- Өткенде бір сұқбатыңда Қазақстан құрамасын үнемі шеттен келген легионер қақпашылар қорғайды деп ойыңды айттың. Демек, елімізде де өзің секілді жақсы қақпашылар көріне алмай келе ме?

-  Әр азамат өзінің пікірін айта білгені дұрыс. Менің де пікірім солай. Ел клубтарына шеттен легионер қақпашылар келсе келе берсін. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ, олардың келе салып, Қазақстан төлқұжатын алып, ұлттық құрама қақпашысы бола салуы көңілге қаяу салады. Қаншама жылдар бойы еңбек етіп, тер төгіп жаттықтық. Десе де, біздің орнымызға шеттен келген келімсек қақпашы алынады. Мақұл, олардың деңгейі асып, қазақстандық қақпашылардан бір бас жоғары тұрса үндемес едік. Оларда біз секілді сейф жасайды, біз секілді гол жіберіп жүр ғой. Негізгі айтайын дегенім осы еді.

- Өзің ұлттық құрамаға алынып, Қырғызстанға қарсы өткен ойында қақпа күзеттің. Кейіннен 2016 жылы қайтадан құрамаға шақырту алып, қосалқы құрамда жүрдің. Ұлттық құрамада ойнау сен үшін қандай маңызға ие?

- Бұл кез келген қазақ қақпашысының арманы шығар. Ұлттық құрама бұл ұмтылатын шыңымыз. Менің бала кездегі арманым осы болатын. Ең алғаш рет 2012 жылы мені құраманың бас бапкері, чехиялық маман Мирослав Беранек шақырды. Алматыда Қырғызстан құрамасына қарсы жолдастық матч ойнадық. Матч алдында бапкер келіп "негізгі құрамда қақпада Алмат Бекбаев тұрады" деген кезде аяқ-қолым дірілдеп, өзіме не болғанын түсінбей де қалдым. Бапкер кеткен соң қасымдағы әріптестерім "Алмат, қатты қобалжып кеттің ғой" деп қалжыңдап жатты. Көбісі қолдау көрсетіп, алғашқы ойын қиын болатынын айтты. Бірақ, сол ойыннан кейін бойымды мақтаныш кернеп, өзімді бақытты адам сезінгенім өтірік емес.

- "Жетісу" клубының ресми сайтынан қайырымдылық іс-шарасын жасап жүргеніңді оқып қалдық. Жанкүйерлер тарапынан мақтау естіп те жатсың...

- Елімізде қазір қандай қиын жағдай болып жатқанын сезіп отырмыз. Ғаламторда көмек сұраған адамдарды көргенде жүрегіміз елжірейді. Сосын, белоруссиялық легионер Никита Наумов пен Мадиар Түлекбаев үшеуміз бірігіп, азық-түлік алып көмек сұраған бір отбасыға апарып бердік. Командадағы өзге де әріптестеріміз осындай істермен айналысып, жанкүйерлермен бірге қайырымдылық жасап жатыр. Бірақ, оның көбісін біз жарнамалап, жариялағанды ұят санаймыз.

- Сұқбатыңызға рахмет!
Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу