Көптен күткен матч Алматыдағы "Орталық" стадионда өтеді және Қазақстан уақытымен 21:45-те басталады. Тікелей трансляция Qazsport арнасында 21:35-те көрсетіледі.
Еске салайық, "Реал" Алматыға 28-інен 29 қыркүйекке қараған түні келіп, кеше стадионның көгалымен танысып шықты.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында испандық клубтың капитаны Федерико Вальверде мен бас бапкері Хаби Алонсо сөз сөйлесе, алматылықтар атынан бас бапкер Рафаэль Уразбахтин мен қорғаушы Егор Сорокин пікір білдірді.
Ойын алдында стадионға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден көптеген жанкүйер жиналуда. Осыған байланысты Алматы әкімдігі арнайы үндеу жасады.
"Бұл кездесу қала үшін үлкен спорт мерекесіне айналмақ. Қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінеді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылады. Негізгі міндет – жанкүйерлер мен ойыншылардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ жол қозғалысын реттеу. Матч күні көлік қозғалысына ішінара шектеулер енгізіледі, сондықтан тұрғындар мен қонақтар бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет. Команданы мәдениетті түрде қолдаңыздар, қаламызды таза ұстайық, бір-бірімізге құрметпен қарайық. Бұл – Алматының және тұтас еліміздің имиджіне қосылған үлес", – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, алғашқы турда "Қайрат" сырт алаңда "Спортингтен" 1:4 есебімен жеңілсе, "Реал" "Марсельді" 2:1 есебімен ұтқан еді. Бүгінгі ойынның фавориті испандық клуб саналғанымен, шешуші сәт алаңда анықталмақ.