Алматы ауасын тазарту тәсілі шенділердің үрейін ұшырды

2574

Бұл экологиялық әдіс мегаполисімізді ауру қоздырушы микроб атаулыдан да арылта алады: Алматы аумағы операция бөлмесіндегідей стерильді болмақ, алайда шенеуніктер эко-бастамаға үзілді-кесілді қарсы болып отыр, деп жазады Inbusiness.kz. 

Алматы ауасын тазарту тәсілі шенділердің үрейін ұшырды

Алматыны үнемі уланудан қалай құтқаруға болады?

Дүниежүзіндегі ауаның ластану индексі ең нашар TOP-10 елдің ішінде Қазақстан 8-орынға шықты! Ұят нәрсе, әрине. Әрі мемлекеттің беделіне нұқсан. EPA дүниежүзілік картасында  нақты уақыт режимінде Қазақстан бойынша ауаны ластайтын заттардың нақты шоғырлануы көрсеткішін білуге болады. Ол көрсеткіштер өлшеу датчиктеріндегі деректердің жаңартылуына байланысты ұдайы өзгереді.

Ең лас өңірлердің бірі – Алматы болып отыр. Қазгидромет 2021 жылғы 16 қазандағы жағдай бойынша мегаполистегі атмосфералық ауаның жай-күйін жариялады. Қалада РМ-2,5 қалқыма бөлшектерінің ауадағы көлемі 184 мкг/м3 болып, рұқсат етілген мөлшерден 1,1 есе асқан. РМ-10 қалқыма бөлшектері – 1,8 (533 мкг/м3), күкірт диоксиді – 0,3 (133), көміртегі оксиді – 1,2 (5 959), азот диоксиді – 4,6 (914), азот оксиді – 2,3 есеге (922) артып кеткен.

Масқарасы сол, қайта бұл Алматы үшін қалыпты жағдай екен: "Атмосфералық ауада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілмейді", – деп болжады Қазгидромет. Қолайсыз метеоахуалда бұдан да нашар болуы ықтимал.

Бірақ жаман экологияға үйренуге болмайды. Ол денсаулықтан сау-тамтық қалдырмасы сөзсіз. Сондықтан экологтар, қоғам өкілдері Үкіметке ауаны тазартудың түрлі әдіс-тәсілдерін жолдап, қолдануды үздіксіз сұрап жатыр. Экобелсенді, кәсіпкер Ырыс Сүлейменова Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке соның экологиялық амалын ұсынды.

Ол Президент Қ. Тоқаевтың осы бесжылдықта ормандар қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллиондай ағаш отырғызу бастамасымен таныс екен.

"Әлемдегі таулардың аясында орналасқан өзге қалалар секілді біздің Алматы да желге қатты тәуелді. Таңертең жел ағындары оңтүстікке, тау жаққа қарай соғады. Кеш түсісімен бағытын өзгертіп, кері, солтүстікке қарай соғады. Мегаполисіміз жан-жақтан емес, үш жағынан таумен қоршалған. Сондықтан қалада қордаланған лас ауаның шығатын жалғыз жолы бар, ол солтүстік беткей арқылы сайын далаға кете алады. Алайда ол бағытта басқа кедергіге – Қапшағай су қоймасына тап болады. Қапшағайдың да солтүстік жағалауын таулар жотасы әдіптеп жатқаны белгілі", – дейді Ы.Сүлейменова.

Рас, Қапшағайды көмкерген таулы қыраттар сонша еңселі емес, биіктігі шамамен 1,5 шақырым. Дегенмен буланатын су айдынының үлкен болуы (Қапшағайдың айдыны 3 мың шаршы шақырымнан асады) нәтижесінде, осының өзі жел ағынын тұтып қалуға жеткілікті көрінеді.

Соның кесірінен Алматыдан "солтүстік дәлізбен" тасқындаған, түтін мен тұман аралас (смог) лас ауа ағыны осы тосқауылға "соғылып", саябырсиды, оны еңсеріп, ары қарай ағындай алмайды. Сөйтіп Қапшағай су қоймасының негізінен салқын ауа үстемдік құрған акваториясына тұнады.

"Су қоймасының үстінде үнемі салқын ауа буланып тұрады. Қаладан шыққан жел ағындарының оны еңсеріп, ары өтуіне күші жетпейді. Салдарынан түске қарай күн ысығанда улы заттар бұлттармен, желмен бірге Алматыға қайта оралады. Қысқа қарай атомосфераға лас шығарындылар көлемі күрт өседі. Бұл кезде жағдай тіптен ушығады. Өйткені Қапшағайды да, Алматы айналасындағы тауларды да қар мен мұз басады. Мегаполисті суық ауа ағындары қоршайды. Бұл конвекция эффектін тіптен нашарлатады. Нәтижесінде, бүкіл улы ауа ойпатта орналасқан Алматыда қалады", – дейді Ырыс Адиятқызы.

1 млн ағаш коронавируспен күреске үлес қосады

Ы. Сүлейменованың айтуынша, мегаполисті улы ауадан құтқарудың бір жолы бар.

"Бұл үшін Алматының солтүстік жағынан, яғни Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында 1 миллион Сібір балқарағайын (кедр) егу керек. Қазақтар самырсын деп те атайтын бұл ағаштың керемет бір ерекшелігі, артықшылығы бар: ол күн нұрын өзіне көбірек тартып, қызады. Нәтижесінде, айналасын қыздыратындықтан, қарлы тауларда қылқан жапырақты ағаштың айналасында көп қар жатпайды. Сонда суық ауа ағындары жылиды. Оның үстіне Сібір самырсыны ауаны ең жақсы тазартатын, ауаны барынша көп фитонцидтермен қанықтыратын ағаш саналады. Тиісінше, 1 миллион балқарағай отырғызсақ, олар Қапшағайдың үстінде жылы, жоғары өрлеуші ауа ағынын туғызады. Ол түнгі уақытта Алматыдан сыртқа қозғалған лас ауа ағындарын ары қарай далаға асырып жіберуге мүмкіндік береді", – дейді қоғам белсендісі.

Оның байламынша, осы арқылы кем дегенде, екі проблема шешімін табады: біріншіден, қала улы түтінге қақалмайды. Екіншіден, ағаш отырғызуға қатысты Президент тапсырмасын орындауға қала сүбелі үлесін қосады.   

Мамандардың айтуынша, фитонцидтер – өсімдіктер тарататын биологиялық белсенді заттар, олар бактериялардың, микроскопиялық саңырауқұлақтардың, басқа да ауру тудырушы зиянкестердің өсуіне, дамуына тосқауыл қояды және жояды. Яғни адам иммунитетін қалыптастыруда зор рөл атқарады.

Атап өтетін жайт, балқарағайлы, самырсынды ормандағы ауа ауру қоздырушы микробтардан ада болып келеді. Сібір самырсынының 1 гектары тәулігіне 30 келіден астам ұшатын органикалық зат бөледі. Мұның орасан зор бактерицидтік қуаты бар.

"Зерттеушілердің пікірінше, фитонцидтерінің осы мөлшерінің өзі үлкен қалада барлық ауру туғызушы бактерияларды жоюға жеткілікті. Оның үстіне Сібір балқарағайы ауру тудыратын микроағзалармен күресетін микроағзалардың көбеюіне оң ықпал етеді. Ғалымдар анықтағанындай, самырсын орманында ауаны стерилді деп санауға болады: 1 текше метрге 200-300 бактериалдық жасушадан келеді. Ал медициналық нормалар бойынша операциялық үй-жайларда 1 текше метрге 500-1000 патогенді емес микроб болуына жол беріледі. Ендеше 1 млн Сібір балқарағайын егіп шықса, ең ірі мегаполисіміздің ауасы тазарады, сонымен бірге бұл бітетін-қоятын түрі жоқ коронавируспен күреске де үлес қосар еді", – дейді Ырыс Сүлейменова.

Билік не дейді?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова мұндай ұсынысты құптай алмайтындарын айтады.

"Себебі Орман кодексінің "Орман флорасы мен фаунасын жерсiндiру" атты 45-бабының 3-бөліміне сәйкес, өсiмдiктердiң негiзгi байырғы түрлерiне зиянын тигiзетiн өсiмдiктер түрлерiн жерсiндiруге, интродукциялауға тыйым салынады. Бұған қоса, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңының 48-бабының 7-бөлімі бойынша мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің қорғау аймақтарында жабайы өсетін өсімдіктердің бөтен, жаңа түрлерін интродукциялауға тыйым салынады. Ал интродукция дегеніміз – өсімдіктердің жаңа түрін төл мекендеу ортасынан тыс жерлерге қасақана, көрінеу немесе кездейсоқ ауыстырып отырғызу. Осыны ескере отырып, Алматы облысындағы мемлекеттік орман қоры аумағында Сібір самырсынын отырғызуға тыйым салынғанын хабарлаймыз", – деді Әлия Лазарьқызы.

Экология вице-министрінің түсіндіруінше, Сібір балқарағайы аталған аумақ үшін аборигенді ағаш түріне жатпайды.

Ол президенттік бастама аясында 2 миллиард ағаштың орман қорларының қандай телімінде егілетіні анықталып қойғанын жеткізді. Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Экология министрлігі, әкімдіктермен ақылдаса отырып, 2021-2025 жылдарға арналған "Ормандарды молықтыру мен орман өсіру кешенді жоспарын" әзірледі.

"Кешенді жоспарға сәйкес, Алматы облысында 2025 жылға дейін 123,4 миллион бірлік ағаш отырғызылады. Бұл көшеттерге 36 571 алаң бөлінеді. Ормандарды молықтыруға және орман өсіруге бағытталған іс-шаралар, соның ішінде отырғызылатын ағаштың көлемі ғалымдардың ұсынымдарына және орман өсіру талаптарына сәйкес жоспарланып отыр", – деді Ә. Шалабекова.

Осылайша, қоршаны ортаны қорғауға жауапты шенеуніктер егер Қапшағай жақта Сібір балқарағайын көптеп ексек, ол жергілікті өсімдік түрлерін ығыстырып шығарады деп қауіптенеді. Егер ауру тудыратын микроағзаларды жоятын, айналасына жұпар иіс тарататын, қазақ балға теңеген ағаш өркенін кең жайса, оның несі жаман?!

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу