Федерацияның бұрынғы президенті Олжас Дүйсембаев қазіргі басшылық қызметін заңсыз тартып алғанын айтып, мұны сотта дәлелдемек. Inbusiness.kz порталының тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Олжас Дүйсембаевтың сөзінше, ол бала кезінен таеквондомен айналысқан. Халықаралық додаларда ел намысын қорғап, ұлттық құраманың мүшесі болған.
"Спорттың бұл түрі тұлға ретінде дамуыма көп мүмкіндік берді. 2018 жылы маған Алматы қаласы таеквондо федерациясының президенті қызметі ұсынылды. Елімізде осы спорт түрі дамығанын қалағандықтан, келіскен едім. Алайда 2019 жылдың қыркүйек айында Rixos қонақүйінде Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев заңсыз кезектен тыс жиналыс өткізіп, мені басшылық қызметтен алып тастады. Жиналыс болатын күнді, орынды маған хабарламады. Уақытынан бұрын мені қызметімнен босатудың себебі де айтылмады. Тіпті жиын хаттамасымен де таныстырған жоқ", – дейді Олжас Дүйсембаев.
Ол өзінің федерация президенттігінен кеткенін мөрді жаңа тағайындалған басшыға қайтарып беру туралы ескертпе келгенде білгенін айтады.
"Жарғы бойынша федерация президенті төрт жылға сайланады. Бұл құжат негізінде мені жұмыстан шығаруға еш негіз болған жоқ. Ал жиналыс барысында қалалық федерация басшысы болып Бахтияр Өнербаев сайланған. Былайша айтқанда, Текелінің әкімі менен федерацияны "тартып алды". Бахтияр Алтайұлымен жеке кездесу барысында ол маған басшылық қызметке "бір кісілер" келуін сұрағанын, оның бұл спорт түріне еш қатысы жоғын айтты. Жаңа президент тағайындалғалы төрт ай өтті. Алайда ешқандай алға жылжу жоқ. Мен жаттықтырушылармен де байланыстамын. Олар да маған соны айтады. Қазір ресми түрде президент емеспін. Дегенмен федерация мүшесімін", – деді экс-басшы.
Сонымен қатар Олжас Дүйсембаев өзі басшылық еткен кезеңде халықаралық турнирлерде Алматыдан шыққан 18 спортшы ел намысын қорғағанын, кадеттер мен жасөспірімдер құрамасы Азия біріншілігінде 3 қола медальді иеленгенін, 2018-2019 жылдары алматылықтар Конфедерация кубогін жеңіп алғанын айтады. Экс-басшының сөзінше бұл өте жақсы көрсеткіш.
Ал таеквондо федерациясының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, спорт ардагері Сәбит Жарлепесов экс-басшыны қамқоршылық кеңестің үмітін ақтамағаны үшін алып тасталғанын айтады.
"Біз Олжас Дүйсембаев басшылыққа келгенде оған үлкен үміт артқанбыз. Алайда ол үмітімізді ақтамады. Тіпті ресми Қазақстан Ұлттық құрамасы құрамында халықаралық додаларда ел намысын қорғадым деп ресми мәлімдеген екен. Мен мұны жоққа шығарамын. Себебі 2008-2015 жылдар аралығында таеквондо спорты бойынша қалалық басқармаға жауапты болғанмын. Сондықтан Олжас Дүйсембавтың аты-жөні ел құрамасы ғана емес, қалалық құраманың тізімінде болмағанын мәлімдеймін", – дейді Сәбит Жарлепесов.
Сонымен қатар спорт ардагері бұрынғы басшының федерация тарихында соңғы 30 жылда болмаған бірнеше қателік жібергенін айтады.
"Бізге ата-аналар хабарласып, допингке қатысты дау туғанын айтты. Қамқоршылық кеңеске мүше бола тұрып, біз оны әріптесімізден емес, ата-аналардан естіп отырмыз. Яғни, 2018 жылы Республикалық Конфедерация кубогінде Алматы қаласының атынан шыққан спортшылар тыйым салынған препараттар қолданды деп айыпталып, жарыстан шығып қалады. Ол ақпараттың барлығын федерация президенті бізден жасырған. Мұндай бассыздық таеквондо тарихында болмаған. Кейін жаттықтырушылар арасында дау туып, федерация президенті оған мән бермегеннің нәтижесінде бапкерлер бір-бірімен жанжалдасқан. Біз мұны телеарна журналистері хабарласқанда бірақ білдік",– дейді Сәбит Жарлепесов.
Қамқоршылық кеңес мүшесі осы жайттардың барлығын ескере отырып Олжас Дүйсембаевты кезектен жиналысқа шақырғанын айтады. Алайда ол айтылған пікірлерді тыңдамай жиыннан кетіп қалған.
"Бірінші жиналыста бәріп түсіндіріп айттық. Яғни, біз саған федерациядан кет деп жатқан жоқпыз. Бәлкім жастықтан шығар, әрине, ондай болады. Алайда осы ушығып тұрған мәселелерді шешейік, сен вице-президент бола тұр деген ұсыныс айттық. Ол орнынан тұрды да кетіп қалды. Кейін тағы жарғыға сәйкес жиналыс өткізіп. Сол кездегі басшыны шақырдық, осы мәселе көтерілді. Алайда ол тағы кеңседен шығып кетті. Кейін біз ватсап арқылы шақыру жіберіп, кезектен тыс жиналыс ұйымдастырып, сол жерде Бахтияр Өнербаевты сайладық",– дейді спорт ардагері.
Сәбит Жарлепесовтың айтуынша Текелі әкімі Бахтияр Өнербаев Қазақстанда таеквондоның негізін қалаған Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкеевті жақын таныған, олармен бірге семинар, конференциялар ұйымдастырған. Сондықтан қамқоршылық кеңес мүшелері ол кісіден басқа бұл қызметке лайықты адам жоқ деп есептеп, федерация басшылығына тағайындаған.
"Осы адам федерацияда тәртіп орната алатын жалғыз үміткер болды. Осылайша жарлық талаптарына сәйкес кворум ұйымдастырдық. Оған 21 құрылтайшының 15-і келді. Барлығы бір ауыздан дауыс беріп, жаңа басшыны сайладық. Ал Олжасқа бәлкім басшылыққа кейін келерсің, деп тәжірибе жинағанша вице-президент лауазымын ұсындық. Осы мәселелердің барлығын шешіп, федерация беделін сақтап қалу үшін мұндай қадамға бардық",– дейді қамқоршылық кеңес мүшесі.
Бұл ретте Олжас Дүйсембаев "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заңға сәйкес қазіргі басшылықты сотқа берген. Істі Алматы қаласының экономикалық соты қарастыруда. Сонымен қатар ол ушыға бастаған дау туралы Мәдениет және спорт министрлігін хабардар етпек.
Құралай Құдайберген