Almaty Marathon балалар денсаулығын жақсартуға бағытталған инновацияларды енгізуге үлес қосады

735

"Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қоры AYALA қайырымдылық қорымен бірлесіп, Қазақстандағы нәрестелер мүгедектігінің деңгейін төмендету жұмыстарын жалғастыруда. 

Almaty Marathon балалар денсаулығын жақсартуға бағытталған инновацияларды енгізуге үлес қосады Фото: AYALA

Биыл Almaty Marathon қатысушылары мен серіктестерінің жарналары есебінен жалпы сомасы 145 000 000 теңгені құрайтын екі бірегей жоба іске қосылады. Олардың ортақ миссиясы – балалар мүгедектігін болдырмай, оларға бақытты болашақ сыйлау, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты.

"Өмірге дем берейік": Қазақстанда әлі болмаған емдеу механизмін іске қосу

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамырлық мальформациялар – балаларды өмір бойы ауырсыну, қан кету, ағза қызметінің бұзылуы, ал кей жағдайларда айқын косметикалық ақаулармен бірге өмір сүруге мәжбүрлейтін туа біткен дерт. Қазақстанда мұндай диагноз қойылған науқастарға медициналық көмек әзірге көрсетілмейді, сондықтан отбасылар емделу үшін шетелге жүгінуге мәжбүр. 2021–2024 жылдар аралығында мемлекет осы мақсаттарға 437 млн теңгеден астам қаржы бөлді.

"Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қоры мен Almaty Marathon атлеттерінің арқасында Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында дәрігерлерге тамыр аномалиялары бар қазақстандық балаларды емдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар пайда болады. Орталықтың дәрігерлер бригадасы Германиядағы тамыр мальформацияларын емдеуге маманданған жетекші клиникада оқудан өтеді.

"Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов атап көрсетеді: "Almaty Marathon – жай ғана спорт емес. Қазақстанның түрлі қалаларындағы әртүрлі қашықтықтағы жарыстарда мыңдаған атлеттердің жүректері жыл сайынғы ірі игі істер үшін бірігеді. Алматыда қыркүйекте өтетін он төртінші марафонда біз екі жаңа жобаны іске қосамыз, олардың басты мақсаты – дені сау және бақытты балалар. Біз Қазақстандағы балалар денсаулығын дамытудағы жаңа кезеңнің бір бөлігі болуға, Денсаулық сақтау министрлігі мен AYALA қайырымдылық қорымен бірге жұмыс істеуге шабыттанамыз".

Жоба 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады және елдің түкпір-түкпіріндегі балалардың өмір сүру сапасын сақтауға көмектеседі.

"Әлемді көремін": мерзімінен бұрын туылған нәрестелердің жанарындағы нұр

Мерзімінен бұрын туған нәрестелердің ретинопатиясы – сыртқы белгілері жоқ ауру. Ата-аналар жаңа туған сәбиіне қарап, оның кез келген сәтте көру қабілетінен айырылып қалуы мүмкін екенін білмейді. Бұл ауруды арнайы жабдықпен жұмыс істейтін, жоғары білікті неонаталдық офтальмолог дер кезінде анықтап, емдей алады.

2025 жылы Шымкент қалалық перинаталдық орталығына қорлар ретиналды камера орнатып, жүздеген шала туған сәбилер дер кезінде диагностикадан өтіп, емделді. Жобаның сәтті іске қосылуынан кейін ол Түркістан облысында жалғасын табады – бұл өңірде жыл сайын 60 мыңнан астам сәби дүниеге келеді, олардың шамамен 5 мыңы шала туғандар.

Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталық мерзімінен бұрын туылған нәрестелердегі ретинопатияның агрессивті түрлерін емдеуге арналған лазерлік қондырғымен қамтамасыз етіледі. Осылайша, дәрігерлерге сәбилерді қосымша қауіпке тігіп, Шымкентке немесе Алматыға шұғыл жеткізудің қажеті болмайды.

"Әлемді көремін" жобасы аясында бес жыл ішінде Қазақстанның көптеген облыстарында жаңа туған сәбилердегі көру қабілетімен байланысты мүгедектік дерлік нөлге дейін төмендетілді. Түркістан облысына орнатылған лазерлік құрылғының арқасында көз торына қажетті араласудың 90%-ға дейінгі сол жерде жасалуы мүмкін, бұл ретинопатия мен басқа да патологиялардан туындайтын балалар соқырлығы қаупін азайтады.

Екі жоба да Қазақстанда заманауи медициналық технологиялардың енгізілуіне жол ашып отыр. Бір балалар үшін бұл – тамыр патологиясы мен ауырсынудан арылуға мүмкіндік болса, енді біреулері үшін – көру қабілетін сақтап, әлемді тану мүмкіндігі.

Almaty Marathon – Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру шарасы. 2012 жылдан бері жалпы құны 300 миллион теңгеден асатын 30-дан астам қайырымдылық жобасы жүзеге асырылды. Биыл он төртінші марафон 28 қыркүйекте өтіп, 16 000 қатысушыны жинайды. Жарыс басталмай жатып-ақ екі жаңа рекорд орнатылды: шетелдік жүгірушілердің саны 1 200-ден асты, ал 42,2 шақырымдық марафон қашықтығына 1 500 адам тіркелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу