Алматы метросы Үкіметті шығынға белшеден батыруда

6318

Ел Үкіметі оған тағы 76 миллиардтан астам теңге салуды жоспарлап отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Алматы метросы Үкіметті шығынға белшеден батыруда

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бюджеттің ашықтығы саясаты аясында "Қалалық рельстік көліктің дамуын қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасы жобасын жариялады. Ол "Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және қаланың көлік жүйесіне түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған".

Жалпы, қалалық рельстік көлікке трамвай, метрополитен және ЛРТ жатады. Бірақ бұл бюджеттік бағдарлама тек метроға арналған. Ол Қазақстанда жалғыз ғана екені белгілі.

Сонымен, бағдарлама аясында биылғы жылы 13 млрд 618,1 млн теңге бөлініпті. Ол сома келесі жылы 23 млрд 194 млн теңгеге дейін өседі. 2023 жылы тағы 20 млрд, 2024 жылы – 20 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Яғни, осы төрт жылда бюджеттен трансферт пен субвенция түрінде 76,8 млрд теңге жұмсалмақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, қыруар шығыс метроның ІІ кезегінің "Сарыарқа" мен "Достық" станцияларына дейінгі 2-ші және және "Қалқаман" кентіндегі жаңа станциясына дейінгі 3-ші іске қосу кешенінің құрылысына жұмсалады.

Ведомствоның байламынша, жобаны іске асыру біріншіден, көрсетілетін қызмет сапасын көтереді, екіншіден, мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін азайтады, үшіншіден, қоршаған ортаға көліктен келетін зиянды төмендетеді.

Осының алдында, 2021 жылғы 20 сәуірдегі Республикалық бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес бұл бағдарлама бойынша шығыстар 1,2 млрд теңгеге көбейтілген. Себебі "Қалқаман" станциясы кешенінің құрылыс құны артқан көрінеді.

"2020 жылы "Сарыарқа" және "Достық" станцияларында құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасты. Атап айтқанда, олардың станциялық кешендерінің, жолдың жоғарғы бөлігінің құрылысы жүрді. Құрылыстың аяқталуы 2021 жылға жоспарланған. Яғни, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары, сәулет жұмыстары, абаттандыру және көгалдандыру жүргізіледі. "Қалқаман" станциясында да құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Нақтылай кетсек, дайындық жұмыстары, "Достық–Қалқаман" станцияларының аралық тоннелдерін салу іске асырылуда", – деп мәлімет берді ведомство.

Бұл станцияда құрылыс алдағы 2022 жылы аяқталады деп күтілуде. Соның аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары, темірбетонды конструкцияларды орнату, жолдың жоғарғы бөлігін жасау, сәулет жұмыстары, абаттандыру, көгалдандыру және іске қосу-реттеу жұмыстары көзделген.

Бағдарламаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев жетекшілік етіп, жауапты болатыны анықталды.

Миллиардтардан не қайтарым болмақ?

Министрліктің жобаға түсініктемесіне сенсек, осы жұмыстардың арқасында Алматы метросымен жолаушылар тасымалының көлемі 2021 жылы – 33,9 миллион адамға дейін артуға тиіс. Алдағы 2022 жылы жолаушылар тасымалы – 34 миллион, 2023 жылы – 35 миллион адамға дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Бұл жоспардың әсіресе, биыл қалай орындалары белгісіз. Алматының өз халқының саны 2 миллионнан жаңа асты. Алайда ірі мегаполис ең "автомобилизацияланған" өңір саналады: онда 100 адамға 25-тен астам машинадан келеді. Яғни, отбасылардың басым көпшілігі жеке көлікке ие, қоғамдық көлікке зәру емес.

Оның үстіне тіпті пандемияға дейінгі жылдары жолаушылар айналымы жоспарланған 34 миллионнан 2,5 есеге дейін аз болды. Мысалы, метрополитен 2018 жылы – 14,8 миллион, 2019 жылы 16,3 миллион жолаушыны көздеген жеріне жеткізді. Ал елді коронавирус жайлаған 2020 жылы жолаушылар ағыны 2,3 есеге күрт кеміген. Нәтижесінде, былтыр метро небары 7 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл "Метрополитен" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметі.

Былтыр көрсеткіштің құлдырауына Алматыда карантиндік шектеу шараларының енгізілуі ықпал еткен. Биыл сонша шектеу жоқ, бірақ жолаушылар ағынының еселеп артқаны байқалмайды.

Айта кету керек, Алматы метрополитенінің бірінші кезегі 2011 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылды, биыл он жылдығын атап өтеді. Екінші кезегі 2015 жылғы сәуірде ел игілігіне берілді. Бүгінде желісінің жалпы ұзындығы 11,34 шақырым және 9 станциядан тұрады, бұлар – "Райымбек", "Жібек Жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Әуезов атындағы драмтеатр", "Алатау", "Мәскеу" және "Сайран".

Бұл ретте метроның дағдарыс пен пандемияға дейінгі 2019 жылғы өтелмеген шығыны 14%-ға өсіп, 32,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2018 жылғы өтелмеген шығыны 28,3 млрд теңге болған. Жаңа қаржылық есебі әзірге жарияланған жоқ, бірақ жолаушылар тасымалының 2,3 есеге құлдырағанын ескерсек, 2020 жылы да шығынға батқаны аңғарылады.

Жерасты көлігінің жолаушылар тасымалдаудан түскен табысы 2018 жылы 1,03 млрд, 2019 жылы 1,1 млрд теңге ғана болыпты. Яғни, кірісі тіпті қызметкерлерінің жалақысын (2019 жылы 2,3 миллиард теңге) "жаба" алмаған. Осылайша, Алматы метросын ел бюджеті, салық төлеушілер субсидиялап отыр. Бюджет қаражаттарының үлкен бөлігі оның шығындарын өтеуге кетеді. Мардымсыз ғана бөлігі – тек 167 миллион теңгесі жеңілдікті немесе тегін жүруге құқығы бар санаттағы жолаушыларды тасымалдау өтемақысына бағытталады.

Қаржылық есепке жүгінсек, кәсіпорынның шығынды болғанына қарамастан, метрополитеннің басқарушылық персоналындағы 5 тұлғаға 2019 жылы 22,5 миллион теңге жалақы мен сыйқақы төленіпті. 

Метро үстіндегі үйлерді сатып алуға миллиардтар керек

Министрлік бюджеттік бағдарламада батыл болжам айтқанымен, іс жүзінде метроның жаңа станцияларының құрылысы кешігуде. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, 2015-2021 жылдарға арналған жоба аясында жалпы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын "Достық" пен "Сарыарқа" станцияларын салу жалпы сомасы 67 миллиард теңгеге түспек. Биыл олар толық қолданысқа берілмейтін түрі бар, тек тестілік режимде жұмыс істемек.

"Жыл соңында осы екі станцияда біз техникалық іске қосуды және тестілік режимдегі қозғалысты жүзеге асыруға тиіспіз. Әрине, өткен жыл қатты кедергі келтірді: жұмысшылар ауырды, өзге елдерден жеткізілетін техника уақытында келмеді. Құрылыс қарқыны төмендеді. Бүгінде қарқынды арттырудамыз", – деді әкім.

Бұдан бөлек, қалабасының мәліметінше, метро өтетін жер телімдерін сатып алуға қатысты да проблема болған: "Достық" станциясының айналасында 44 үй сатып алынды. Бұған 2,7 миллиард теңге кетті (орта есеппен әр үйге 66,1 миллион теңгеден келеді, бірақ жатақ үйлерге аз, ал коттедждерге бірнеше есе көп). Ұсынылған өтемақыға келіспеген үй иелерімен шенеуніктер соттасқан. Оған да уақыт жұмсалды.

Тағы екі станция – "Қалқаман" мен "Батыс" автовокзалының" жобалары қолға алынған. 2,5 шақырымдық "Қалқаманның" өзі бюджетке 48 миллиард теңгеге түседі. Ол үшін мемлекетке кем дегенде 148 жер телімін сатып алуға тура келмек (жер астындағы метроға ауыр күш түсіреді деп жер үстіндегі үйлер сүрілуде). Оған шамамен 9 миллиард теңге қажет болады деп белгіленген. Бірақ Алматыда жер мен баспана өте қымбат екені мәлім, сот мүлік құнын өсіруі мүмкін. Демек, бюджет ары қарай ондаған миллиард шығын шығаруға мәжбүр болады.

Алматы метрополитенінің құрылысын толығымен Үкімет қаржыландыруда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу