Алматы облысының тұрғындары автокөлікке VIP-нөмір сатып алудан озып тұр. Есепті жылдың басталғанына 2 ай өткеніне қарамастан, көлік иелері жалпы құны 13678324 теңге төлеп, 42 мемлекеттік нөмір жасатуға арнайы тапсырыс берген.
Ал өткен жылы жетісулықтар сандық сериясы VIP-нөмірге жататын 550 автокөлік нөмірін сатып алып, мемлекет қазынасына жалпы сомасы 168434175 теңге құйған болатын. Жалпы, осы ерекше нөмірлерді сату бойынша былтыр Қазақстан бюджетіне 4 млрд теңге түскен екен.
"VIP-нөмірлерге деген сұраныс артып келеді. Әсіресе темір тұлпар иелерінің арасында 555, 777, 005 және 007 сандарынан құралған қымбат нөмірлер кеңінен танымал", – дейді Алматы облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахмет.
Айта кетейік, Қазақстанда VIP нөмірлерді сату 2014 жылдың қазан айынан бастап қолданысқа енгізілді. "Жол жүрісі туралы" заңының 66-бабына сәйкес темір тұлпар иелеріне уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің цифрлық және әріптік белгіленуін таңдауға құқық берілген.
Гүлжан Амангелдіқызы