Алматы облысындағы ірі тауарлы-сүт фермасының құрылтайшысы Президенттен көмек сұрауда

2873

Сүт өңдеуші кәсіпорын "ҚазАгроҚаржы" бизнесті жүргізуге мүмкіндік бермей отыр деп айыптады. 

Алматы облысындағы ірі тауарлы-сүт фермасының құрылтайшысы Президенттен көмек сұрауда

Алматыда баспасөз жиынын өткізген "МедеуКоммерц" ЖШС-ның өкілі Виктория Меленцева еліміздің бас прокурорынан "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 2-бабы, 3-тармағы бойынша (рейдерлік) қылмыстық іс қозғауды өтінді.

Виктория Меленцеваның айтуынша, "ҚазАгроҚаржы", "МедеуКоммерцке" қарасты тауарлы-сүт фермасын заңсыз тартып алуға әрекеттеніп жатыр.

"2012 жылы "ҚазАгроҚаржы" мен "МедеуКоммерц" тауарлы-сүт фермасы бойынша құны 2,326 млрд теңге болатын инвестжобаны қаржыландырмақ болып келісімшартқа қол қойған. Бұл қаржының 2,002 млрд теңгесін – "ҚазАгроҚаржы", ал 354 млн теңгесін "МедеуКоммерц" салған. Арадағы лизинг келісімшарты бойынша "ҚазАгроҚаржы" шетелден 780 ірі қара мал сатып алып беруді өз міндетіне алған. Алғашқы 200 бас ірі қара мал 2013 жылдың қазан айында жеткізілді. Сол кезде "ҚазАгроҚаржы" 12 айға жеңілдікпен несие төлеу мерзімін белгілепті. "МедеуКоммерц" өкілдерінің "200 бас ірі қара малмен жұмысты бастау бізге ауыр тиеді" деген өтініштеріне қаржы ұйымы "қалған 580 мал басы жеткізілгенше несие төлеудегі жеңілдік мерзімі ұзартылады" деп жауап берген. Алайда ірі қара мал сатып алу жөніндегі келесі келісімшартқа 2014 жылдың 29 қазанында қол қойылған. Ал 2015 жылдың басынан бастап "ҚазАгроҚаржы" жеңілдікпен несие төлеу мерзімі аяқталуына байланысты несиені төлеу туралы ескертулер жібере бастаған", – дейді "МедеуКоммерц" ЖШС-ның өкілі Виктория Меленцева.

Оның айтуы бойынша, 2015 жылдың ортасынан бастап "МедеуКоммерцтің" мүлкі және банктегі есепшоты бұғатталып, 50 млн теңге айналымнан алынып тасталған. Бұл фактор "МедеуКоммерцтің" экономикалық-қаржылық жағдайына кері әсер етті. Ал келісімшарт мерзімін ұзарту туралы "МедеуКоммерц" ЖШС-ы өтініші ескерілмеді.

"Одан бергі уақытта "ҚазАгроҚаржы" АҚ басшылары ауысты. Олардың ұстанымы – акционерлік қоғам қаржы институты, олар бірінші кезекте арадағы келісімшарттағы іс-әрекетке емес, салған қаржының қайтарымына басымдық береді. Егер ЖШС-ы қарызды қайтара алмайтын жағдайда болса, акционерлік қоғам сотқа жүгінеді", – дейді "МедеуКоммерц" өкілі.

Одан әрі Меленцева ханым, "МедеуКоммерц" иелегіндегі тауарлы-сүт фермасының ғимаратын өздерінің баланстарына қайтарып алуға кірісіп кеткенін айтып өтті. Оны қаржы институты 1,907 млрд теңгеге бағалапты.

"Біз мұндай бағаға келіспейміз. "МедеуКоммерц" тауарлы-сүт фермасының жобасына 2 млрд теңге жұмсады. Екі тараптың өкілдері көрсеткен сомадағы айырмашылықты ескерген сот үшінші тәуелсіз бағалаушыларға тапсырыс берді. Олар жобаның құнын 2,747 млрд деп тапты. Бірақ олар өзінің ішкі түйсіктеріне ғана сүйеніп, өздері белгілеген соманы заңды деп тапты", – дейді Меленцева ханым.

Виктория Меленцева ханым, осы тұста сот орындаушылардың "Медеу Коммерцтен" фермадағы мал басының аман сақталуына кепілхат талап етіп жатқанын тілге тиек етіп өтті.

Баспасөз жиынына қатысқан "МедеуКоммерц" ЖШС директорының кеңесшісі Арман Ахметов ЖШС-на қарасты тауарлы-сүт фермасы тәулігіне 11 тонна сүт өңдеп келгенін айтты. Оның 3 тоннасы тауарлы сүт фермасында өңделіп, "Fresh House" сауда үйлері желісінде сатылған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ашылған серіктестік 200 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған.

"2018 жылдың күзінен бастап біз сүтті тек шикізат күйінде шығарамыз. Бұрын тәулігіне 11 тонна шығарсақ, қазір ол 3 тоннаға дейін азайып кетті. Штат 200 адамнан 40 адамға дейін қысқарды. Мал басы 900-ден 700-ге дейін азайып кетті", – дейді Арман Ахметов.

Сондай-ақ спикерлер "ҚазАгроҚаржы" өкілдерін осы жиынға шақырғанын, олардың келмегенін айтып кетті.

"Ауыл шаруашылығы секторы мәз емес. Біз өз тарапымыздан тауарлы-сүт фермасын сақтап қалу үшін келісімнің барлық түрін тыңдауға дайынбыз. Тіпті "Тауарлы-сүт фермасын өз иеліктеріңізге алыңыздар. Біз оны сіздерден жалға алып, жұмысымызды жалғастыра беруге де дайынбыз. Бірақ олар бұл ұсынысымызды да қаперге алмай отыр", – дейді Виктория Меленцева.

Жиын соңында, спикерлер еліміздің Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның атына ашық хат жазғанын айтты.

Біз өз кезегінде "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның баспасөз бөліміне хабарластық. Олар жақын күнде осы мәселеге қатысты жауап беретіндерін жеткізді.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу