Алматы облысының "латифундистері" аталды

1448

Ауылдағы мал ұстайтын ағайын 32 млн гектар жайылымға зәру.

Алматы облысының "латифундистері" аталды

Көктем келіп, мал өріске өргелі жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Еліміздің көп өңірінде бұл проблема өткір тұр.

Мысалы, Алматы облысының Райымбек ауданында ірі өндірістер жоқтың қасы, жергілікті жұртшылық негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Бұл ретте егіннің өзі қосымша, көмекші сала: ол тек мал азығы үшін егіледі. Ендеше жергілікті биліктің бар ынта-ықыласы, күш-жігері осы салада болуға тиістей. Алайда ауыл кәсіпкерлері жер тапшылығы мәселесі тек ушығып бара жатқанына шағымданады. Осы мәселені билікке жеткізу үшін шаруалар Райымбек ауданы белсенділерінің бірлестігіне топтасыпты.

Бірлестіктің мүшесі, "Шалкөде-Агро" АӨК төрағасы Мақсат Нұрыпбай қағаз жүзінде жайылымның жеткілікті екенін, бірақ іс жүзінде оның көбі пайдаланалымайтынын айтады.

"Тапшылықтың басты себебі – белгілі бір компаниялар ірі көлемде жер телімдерін алып алған, содан ұзақ жылдар бойы не өзі іске жаратпай, не мемлекетке қайтармай келеді. Нақтырақ айтсақ, "Green Wall" ЖШС иелігінде жалпы аудан бойынша – 16 мың гектардан астам жер бар. "Қуат ЛТД" ЖШС – 14 мың, "Успех-7" ЖШС – 6 мың, "Рахат тур" ЖШС – 4,4 мың, "Агро-Алатау" – 3,5 мың, "Арал-Кеген" ЖШС – 2 мың, "A аnd D company" ЖШС – 2 мың гектар жерді астына басқан. Яғни, жалпы көлемі 49 мың гектар жер жете пайдаланылмай отыр. Президент Қ.Тоқаев пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару туралы бірнеше рет тапсырма берді. Соған қарамастан Президенттің бұл тапсырмасы Райымбек ауданында орындалмай келеді", – деп жазды М.Нұрыпбай Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың ресми блогына жолдаған хатында.

Шаруалардың пікірінше, өлкедегі біраз жердің қожайыны – билікке жақын тұлғалар көрінеді.  

"Пайдаланылмайтын жер телімдерін әкімдік тек сот шешімімен ғана қайтара алады. Алайда көп жағдайда жерді молынан алып, пайдаланбай отырған компаниялардың артында жоғары лауазымды шенеуніктер, ықпалды бизнесмендер, латифундистер отыр. Сондай атынан ат үркетін, аудан әкімінің тісі батпайтын адамдар жерді не өздері пайдаланбай, не халыққа бергізбей келеді. Олар істі сотқа жеткізбеудің немесе сот шешімінің өз пайдасына шешудің түрлі құйтырқы әдістерін пайдаланады", – деп санайды "Шалкөде-Агро" АӨК төрағасы Мақсат Нұрыпбай.

Сондықтан жергілікті аграршылар облыс әкімдігінен Ауыл шаруашылығы министрлігімен тізе қосып, Райымбек ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалануын тексеретін арнайы жұмыс тобын құруды, жан-жақты әрі терең ревизия жүргізуді сұрайды.

Олардың байламынша, пайдаланылмайтын жерлер мемлекетке қайтарылып, одан ары конкурс арқылы ауыл тұрғындарына, фермерлерге бөліп берілгені жөн.

Қазіргі кезде мал өсіретін Қазақстанның өзінде ет бағасы удай. Ет құны осы өнімді қалпымен шетелден импорттайтын мемлекеттердегі бағамен теңесіп қалды. Бұл парадокстың түйінін билік тарқата алмай-ақ қойды. Фермердің айтуынша, бұл істің күрделі сыры жоқ, шешімі қарапайым.

"Мемлекет саясатының негізгі бағытының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту, ауылды көркейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін мол өндіру. Бұл туралы биыл Қ.Тоқаев өз жолдауында нақты айтып, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевке нақты тапсырмалар берді. Ол тапсырманы орындау, яғни мал өсіріп, егін егу үшін ауыл тұрғындарына арзан әрі "ұзын" несие керек. Ал несие алу үшін міндетті түрде жерің болуы қажет. Жері жоқ адамдардың несие алуға мүлдем мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жер мәселесі шешілмей, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін еселеп арттыру мүмкін емес", – дейді ол.

Ауылда тағы бір шешілмеген мәселе бар: жер телімдерін жалға беру жөніндегі конкурс жылына бір рет, тіпті кейде бірнеше жылда бір рет қана өткізіледі. Онда да жаппай емес, аздаған лот ұсынылады. Салдарынан, ауылда мал шаруашылығымен айналысқысы келетін, бірақ жылдар бойы жер кезегінде тұған бизнесмендер мен ауыл тұрғындары көп. Егер шұғыл түрде солардың бәрін жер телімдерімен, шабындықпен, жайылыммен қамтыса, Қазақстан өзін қоймақ, әлемнің көптеген елін өнімге қарық қылып, қазіргі қымбатшылық заманында мол табысқа кенелер еді.

Мәселен, сөз болып отырған аудандағы бір ғана Шалкөде ауылында жерге кезекке тұрған адамдар саны 100 адамнан асады. Сарыбастау ауылында 70 адам жердің кезегінде тұр. Мұндай жағдай әр ауылға тән.

Ендеше ел Үкіметі тиісті рәсімдерді өткізуге арналған қаржыландыруды арттырып, жылына кемінде 2 рет конкурс өткізуге мүмкіндік жасаса, біраз проблема өзектілігін жоюы ықтимал.

Әзірге жердің жоқтығынан не мал өсіре, не егін сала алмаған адамдар лек-лекпен қалаға көшуде. Оның соңы "қаңтар оқиғаларына" соқтырғанын сарапшылар айтып жүр.

"Қазір тек Шалкөде ауылының өзінде 100-ден аса үй қаңырап бос тұр. Президент те ауылды көтеру керек, ауылдан жаппай көшуді тоқтату керек деп жиі айтады. Көп тапсырма тек сөз жүзінде қалады. Ауылдық жерде мал басын көбейтіп, егін алқабының көлемін ұлғайтудың бір жолы – субсидия. Өкінішке қарай Райымбек ауданының тұрғындары көп жылдық дәнді дақыл немесе картоп өсіргені үшін е субсидия ала алмайды. Біздің ауданға субсидия қарастырылмаған. Сонымен бірге ауданымыз теңіз деңгейінен ең жоғары орналасқан аймақ болса да жайылымдық жерлерді суландыруға субсидия алушылар қатарында жоқ. Кеңес кезінде салынған құбырлар, каптаждар бұзылып қалған. Мен бұл мәселенің бәрін тек өз атымнан айтып отырған жоқпын. Райымбек ауданының 11 ауылдық округінде 41 мың адам тұрады. Әр ауылдан сайланған 11 аудан белсендісі бар. Оның ішінде ауданда 2 883 фермерлік шаруашылықтар бар. Бұл мәселелер – осы барлық адамдың тілек-өтініші", – дейді фермер М.Нұрыпбай.

Кеше Парламенттің жоғарғы палатасының отырысында "Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы" кешенді жоспарын іске асыру шаралары қаралған болатын.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ауылдық жерлерде 7,7 млн астам адам немесе елдің барлық халқының 40,5%-ы ғана қалған. Енді шамалыдан соң ауылдықтардың үлесі 30 пайызға қарай құлдилайды. Демек, болашақта қазақстандықтардың көбі қалаларда ұйлығып отырмақ.

Сенат депутаты Бауыржан Қаниевтің мәліметінше, ауылда ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Ең бастысы – жер тапшылығы.

"Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі ерекше өткір тұр! Ресми деректер бойынша ауыл тұрғындарының қолында шамамен 6,7 миллион мал басы бар. Оларды жаю үшін 53 млн гектар жер қажет. Бірақ берілгені 21 млн гектар ғана. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерден 5-6 шақырым радиустағы жайылымдық жерлер шамадан тыс жүктеме түсуіне, яғни малдың көп жайылуына байланысты қатты тозған. Бұл ретте жер үлкен көлемде жекелеген ауыл шаруашылығы өндірушілердің меншігінде қалып тұр және ол жерлерді олар ұтымды пайдаланбайды", – дейді депутат.

Сенатор елде мал басы санының өсуіне орай проблема тек ушығып бара жатқанын және халық арасында әлеуметтік шиеленістің өсуіне соқтырғанын еске салды. Сол себепті оның ұстанымынша, ұтымсыз пайдаланылатын жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылуға тиіс: "өкінішке орай, қазіргі уақытта қайтару процесі өте баяу жүріп жатыр".

Үкіметтің осы мәселені шешпей, халық табысын арттыру туралы сөз қозғауы әбестік болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу