Алматы-Шу екінші жол учаскесі ашылды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3529

"Қазақстан темір жолы"  Алматы – Шу бағытындағы екінші жолдың салынып біткенін хабарлады. 

Алматы-Шу екінші жол учаскесі ашылды

27 қарашада Алматы –Шу теміржол желісінің екінші учаскесінің құрылысы мен теміржол үстінен Алматы – Шамалған автокөлік даңғылы қатар ашылды. Жоба мемлекет басшысының "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Ақсеңгір станциясында өткен  салтанатты шараға "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, көлік қызметкерлері мен ардагерлері, құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.

Қанат Алпысбаев Алматы-Шу екінші теміржол учаскесі құрылысының аяқталуымен құттықтап, жаңа жолдың трансқазақстандық жаңа бағдарларды дамытуға мүмкіндік ашатынын, сонымен қатар пойыздар қозғалысын жеделдетіп, өңірлердің коммуникациялық байланысын одан әрі арттыратынына тоқталды.

"Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрылықтық тасымалдауды белсенді дамытып жатыр, соған орай жаңа инфрақұрылымды жасақтау мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жүктерді жеткізу мерзімі қысқартылуда", – деп "ҚТЖ" баспасөз қызметі "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаевтың сөзін жеткізді.  

Алматы –Шу темір жол учаскесі еліміздің көлік жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Ұзындығы 113 шақырымдық екінші теміржол учаскесі екі жыл ішінде салынып біткен. Осы уақыт ішінде үлкен құрылыс ауқымы орындалды. 16 станция жаңғыртылды. 13 көпір мен жол өткелдері салынып, 156 шақырымға электр желісі мен басқа да өндірістік инфрақұрылымдық нысандары тұрғызылды.

Екінші теміржол учаскесін іске қосу желінің аса қарқынды учаскелерінің өткізу қабілетін 4 есеге артатын болады.

Сонымен қатар 1,7 шақырымдық Елтай-Мерей жаңа автокөлік жолы салынып, Елтай кентінен ұзындығы 740 метр болатын жол өткелі салынды. Осылайша әлеуметтік жоспар мәселесі шешіліп, енді Елтай кенті, Береке, Екпінді, Жетісу жалпы Қарасай ауданы елдімекендерінің тұрғындары теміржолды кесіп өтуде қиналмайтын болды. Бұл өткел екі теміржол айырығының кептелісін азайтып, автожол арқылы тәулігіне 17 мың көліктің өтуіне мүмкін берді.

Сондай-ақ шараға қатысушылар алдында Алматы облысының әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, теміржол саласының ардагері Қалтай Сәмбетов сөз сөйледі.

Салтанатты шараның соңында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, көлік саласының ардагері Қалтай  Сәмбетов, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, "Халық қаһарманы" Тоқтар Әубәкіров, "ҚТЖ" ҰК" АҚ президентінің кеңесшісі Фарит Галимов Ақсеңгір стансасынан Қытай-Еуропа транзиттік контейнерлік пойызы мен "Тұлпар-Тальго" жүрдек жолаушылар пойызының өтуіне сәт-сапар тіледі.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу