Алматы тұрғынының жүрегі 23 жастағы жігітке трансплантацияланды

Инсульттан қайтыс болған 53 жастағы әйел 4 адамға үміт отын сыйлады.  

Алматы тұрғынының жүрегі 23 жастағы жігітке трансплантацияланды Фото: inbusiness.kz

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды.

Inbusiness.kz тілшісі 6 сағаттық күрделі операциядан кейін "жаңа" жүрекпен оянған науқастың жағдайын біліп, дәрігерлемен тілдесіп қайтты. 

Ота елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықпен бірлесіп, еліміздің жетекші кардиохирургы Юрий Пяның тікелей басшылығымен жасалған. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов мәлім етті. 

"Алматыда жүректі алмастыру операциясы алғаш рет жасалды", – деп бастады сөзін Марат Пашимов.

Оның айтуынша, органдардың донорлығы бойынша құқықтық және заңнамалық базаның құрылуы, кадрлық, зияткерлік, ғылыми және ресурстық әлеуеттің болуы, жақсы материалдық-техникалық базаны құру бүгінде еліміздің медициналық орталықтарында органдарды трансплантациялау бойынша операцияларды жасауға мүмкіндік берді.

"Алматының 53 жастағы тұрғыны органдар доноры болды. Донор ишемиялық инсульттан Алматыдағы № 4 ауруханада қайтыс болды. Ағзаны алу шаралары аталған медициналық мекемеде жасалды. 2023 жылғы 12 шілде  күні туыстарының келісімі берілді. Дереу отаға дайындықты бастадық. 13 шілдеде оның жүрегі 23 жастағы жас жігітке трансплантацияланды. Ол 13 жасында барлық жүрек қақпақшаларын ауыстыру операциясынан өткен. Алайда одан еш нәтиже болмаған, жағдайы жақсармаған. Сондықтан оны аман алып қалудың жалғыз жолы – жүрек трансплантациясы болды", – дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Жүрек трансплантациясы – соңғы сатыдағы жүрек жеткіліксіздігінің ең тиімді терапиясы. Қазақстанда бұған дейін мұндай 85 ота жасалған. Елімізде бірінші болып 2012 жылы жүрегін алмастырған науқас бүгінде белсенді өмір салтын ұстанып, бақытты өмір сүруде. Ал алматылық дәрігерлер мұндай күрделі отаны алғаш рет қолға алды. 

"Операцияны білікті мамандар тобы жасады. Органдар трансплантациясына жауапты дәрігерлерді қосқанда бас-аяғы 40 адам бірігіп жұмыс істеді. Енді сырқат жүректі сау жүрекке ауыстырғаннан кейін пациенттің сапалы және ұзақ өмір сүруі мүмкіндігі жоғары", – деп атап өтті Рүстем Төлеутаев.

Ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жасалды. Қазір пациенттің жағдайы тұрақты. 

Inbusiness.kz тілшісіне науқаспен жолығып, палата есігінен болса да жағдай сұрасудың реті келді. Тілшілер келетінін естіген болуы керек, пациент суретке түсуге еш қарсы болмады. Орнынан тұрып, есікке қарап жымиғандай болды. Көзінен "өмірге қайта келгендей болдым" дегендей үміт оты сезіледі. Біз де амандық тілеп, палатаны босаттық. 

Алматыда қайтыс болған әйелдің жүрегінен басқа екі бүйрегі және бауыры да алынып, кезекте тұрған тағы 3 науқастарға трансплантацияланды. Осылайша 53 жастағы қала тұрғыны 4 адамның өмірін құтқарды. Алайда бұл ерекше жағдай. Себебі елімізде көп адамның туысы мұндайға келісе бермейді. 

Бүгінде Қазақстан бойынша 147 адам жүрек трансплантациясын күтіп отыр. Өкінішке орай жыл сайын донор кезегінде тұрған науқастардың 70%-ы көз жұмады. Себебі біреу – донор тапшы. 

Қазақ ұлттық медицина университетіне ректоры Марат Шорановтың сөзінше, қазір елімізде 4 мыңға жуық адам ағза ауыстыру кезегінде тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу