Алматыда "Бастау" басталды

2319

"Еуразия" кинофестивалінің буы басылмай жатып, Алматыда тағы бір халықаралық кинофестиваль шымылдығын ашты. 

Алматыда "Бастау"  басталды

"Бастау" - студенттер мен кино мектептердің байқауы. 24 қазан күні Т. Жүргенов атындағы Өнер Академиясында осы дүбірлі оқиғаға қатысты баспасөз-мәслихаты өтті. Фестиваль кешкісін Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында ашылады.

Баспасөз-мәслихаты басталар тұста Өнер Академиясының кино залына қарай өткен мені үш тілді орта қарсы алды. Үйреншікті қазақ, орыс тілдерінен бөлек, құлаққа жетіп жатқан ағылшын сөздер фестивальдің халықаралық дәрежесін айқындап тұрғандай еді.  Халықаралық фестиваль президенті Сергей Әзімов бастаған спикерлер көп созбай, өз орындарына жайғасып, мәслихат басталып та кетті.

– Бұл алтыншы фестивальді өткіземіз бе, жоқ па деп көп қиналдық. Қазіргі дағдарыс тұсында бұл шараны ұйымдастыру оңай болған жоқ, – деп әңгімесінің "әупірімін" проблемалардан бастаған төраға, бұл фестивальдің тек тырнақ алды туындылардың ғана емес, кино мектептерінің де арасындағы байқау екенін ескертіп өтті.

Соңынан сұрастырып білгенім, ұйымдастырушыларға аздық етіп отырған 20 млн теңге жетер-жетпес қаржы көрінеді.  Оның он миллионы бюджеттен бөлінген екен.

Төрде Әзімовтен бөлек, фестивальдің бағдарламалар директоры Диана Әшімова, өзі продюсер, өзі  әртіс, елге кеңінен танымал Нұртас Адамбай, АҚШ-тан келген Голливуд майталмандарының бірі, әйгілі кинооператор Хиро Нарита, британдық жазушы, режиссер, Азия киносын зерттеуші Жаспер Шарп және фамилиясы жазылмаған Өнер академиясының проректоры Қабыл Заманбекович (осылай таныстырылды) отырды.  Сөз кезегі бағдарламар директорына тиіп, фестиваль барысы туралы кеңірек мағлұмат ала бастадық.  

Биыл фестивальға қатысуға  36 мемлекеттен 305  өтініш түсіпті. Рымбек Әлпиев, Дамир Манабаев, Эля Гильман сынды танымал режиссерлер енген комиссия тек 57 туындыны таңдап алған көрінеді. Қатысушы елдердің жағрапиясы да кең. Алғаш рет Бразилия, Аустрия, Канададан келген  жас режиссерлердің фильмдерін көре алады екенбіз. Биыл әр елдің мемлекеттік оқу орындары жіберген туындылармен қатар, жекеменшік кино мектептерінің де түлектері бақтарын сынайтын болыпты.

Олардың арасында фестивальге алғаш қатысатын ирандық туынды, Бейжің кино академиясы жіберген фильм және ресейлік кино да бар. Байқауға қатысатын фильмдер "Бекмамбетов синема"  залында қазанның 25-27-і аралығында көрсетілмекші. Жуырда ғана Пусан фестивалінің гран-при жүлдесін жеңіп алған Елзат Ескендірдің қысқа метражды "Өліара" туындысы фестивальдің "Ерекше оқиға" бағдарламасы шеңберінде көрерменге таныстырылады.

Бұл Елзаттың дипломдық жұмысы екенін ескерсек, Жүргенов академиясының мақтанатындай жөні бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль бағдарламасы өте қызықты. Осы жерде Сергей Әзімов "біздің бағдарламаның қызықтылығы сондай, ондай бағдарлама "Еуразияның" түсіне де кірмеген" деп салды. Жарасымды әзіл екі фестиваль арасында  бәсекелестіктің барын аңғартқандай болды.  

Фестиваль аясында тәлім алушыларға аса қажет түрлі шеберлік сабағы өтіп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. "Теледидар және жаңа медиа: тілі, технологиялар және модельдер" атты ғылыми-технологиялық конференция өтеді.   

Қазылар алқасын белгілі ресейлік режиссер Владимир Меньшов басқарып, құрамына аттары жоғарыда аталған Шарп, Нарита, Адамбайлармен бірге, Меньшовтың "байғұс Настясын" сомдаған Анна Горшкова енеді. Қазылардың балама құрамы студенттерден жасақталыпты. Құрамында қазақ студенттерімен қатар Грузия, Қырғызстан, Ресей, Түркия елдерінің өкілдері бар.  

"Бастау" кинофестивалін Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен  "Tanaris Production" кино компаниясы ұйымдастырып отыр. Фестиваль Алматы қаласында қазан айының 28-ші жұлдызына дейін жалғасады.

Асхат Арман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу