Алматыда 2023 жылғы Азия ойындарын қолдауға бағытталған жарыс өтеді

Ханчжоудағы спорттық додада ел намысын 700-ден аса спортшы қорғайды. 

Алматыда 2023 жылғы Азия ойындарын қолдауға бағытталған жарыс өтеді Фото: ҚР ҰОК

2023 жылғы 23 қыркүйек 8 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында 19 жазғы Азия ойындары жалауын көтермек. Алматыда осы спорттық додаға қатысты баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бәсекеге толы спорттық сайысқа 45 мемлекеттен 10 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Осылайша 474 медаль комплекті сарапқа салынады. Оның ішінде 381 олимпиадалық, 93-і олимпиадалық емес спорт түрлерінен.

Ал 10-нан аса спорт түрінен жарыстар 2024 жылғы Париждегі Олимпиада ойындарының іріктеу тізіміне енгізілмек.

"Бірінші Азия ойындары 1951 жылы Нью-Делиде 11 мемлекеттің спортшыларының қатысуымен өткен. Олар брейкинг, допты хоккей, желкенді спорт, таеквондо, бадминтон, триатлон бойынша жарысты", – деді ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Егеменді Қазақстан ретінде біздің спортшыларымыз бірінші рет 1994 жылы Жапон елінің Хиросима қаласында өткен жарысқа қатысқан. Намысты ұл-қыздарымыз жалпы саны  жеті рет жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғап, 557 медаль ұтты, оның 155-і алтын. Ал командалық сайыста төрт рет 4 орын, екі рет 5 және кейінгі Жакартада өткен ойындарда 9 орынға тұрақтады.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Андрей Крюковтың айтуынша, Ханчжоудағы Азия ойындары коронавирустық пандемиядан кейінгі ең ірі спорттық оқиға болмақ.

"Спорт түрлері мен қатысушылар саны жағынан Азия ойындары Олимпиада ойындарынан да ауқымды. Мәселен, 2024 жылы Париждегі Олимпиадағы 32 спорт түрінен 10 400 спортшы қатысады деп күтілуде. 2022 жылғы Ханчжоуда 40 спорт түрінен 474 медаль жиынтығы ойнатылады. Бұл ретте қазірдің өзінде өтініштер саны белгіленген 10 400 адам квотасынан асып түсті.  Ханчжоуға 700-ден астам қазақстандық спортшы барады деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан, ҚР ҰОК алдағы Азия ойындарына дайындыққа ерекше көңіл бөлуде", – деді Андрей Крюков.

Осыған орай, Азия Олимпиадалық кеңесі және 2023 жылғы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің (HAGOC) бастамасымен ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті 2023 жылдың 20 мамырында Алматы қаласында "Fun Run" әуесқойлар арасында жүгіруден сайыс өткізуді жоспарлап отыр.

"Fun Run" акциясы балалар мен жасөспірімдер арасында "Динамо" спорт кешенінде өтеді.

Спорттық іс-шара үш қашықтықта ұйымдастырылады: 1 км, 2 км, 5 км. Қатысушылар Ұлттық Олимпиадалық комитеттің медальдарымен және дипломдарымен марапатталады.

Экологиялық тұрақтылық департаменті директорының орынбасары Сяншень Мэн бұл жоба бүкіл контингентте Азия ойындарын кең насихаттау мақсатында қолға алынғанын айтады.

"Fun Run" – бұл Азия ойындарының дәстүрі ғана емес, сонымен қатар Ханчжоу-2022 Азия ойындарының негізгі жарнамалық шарасы және халықаралық аудиторияны қамту тәсілі. Іс-шара Азияның әртүрлі елдері мен аймақтарындағы өтті. 2022 жылдың қазан айында промо-акция басталғаннан бері бұл шара 21 қалада ұйымдастырылды және оған Азияның түкпір-түкпірінен спортшылар мен жұртшылық қатысты. Алматыда өтетін сайыс екі ел арасындағы достықты нығайтады", – деді Сяншень Мэн.

Алматыда өтетін промо-акциядан кейін дәл осындай жарыстар Азияның басқа мемлекеттерінде де жоспарланған. Оның ішінде Қырғызстан, Филиппин,  Монғолия бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу