Алматыда алғаш рет FIBA Азия кубогы-2029 іріктеу матчтары өтеді

195

Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасы мәлімдеді.  

Алматыда алғаш рет FIBA Азия кубогы-2029 іріктеу матчтары өтеді Фото: Almaty_akimdigi telegram

26-31 тамыз аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында FIBA Азия кубогы-2029 турнирінің алдын ала іріктеу кезеңі бірінші раундының В тобындағы матчтары өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан 2029 жылғы Азия кубогына қатысушыларды анықтайтын жаңартылған іріктеу жүйесінің бастапқы кезеңіндегі ойындарды алғаш рет қабылдап отыр. 

Алматы осы раундтың матчтары өтетін Орталық Азиядағы жалғыз қала болмақ. Сонымен қатар ойындар Дубай, Серембан және Ұлан-Батыр қалаларында ұйымдастырылады. Алдын ала іріктеудің бірінші раундына төрт топқа бөлінген 18 ұлттық құрама қатысады.

Алматыдағы В тобында Қазақстан, Палестина, Шри-Ланка, Мальдив аралдары және Қырғызстан құрамалары бақ сынайды. Командалар айналмалы жүйе бойынша ойнайды. Топтағы үздік үш құрама алдын ала іріктеудің екінші раундына жолдама алады.

Бұл Қазақстан құрамасына барлық топтық кездесуін өз алаңында өткізіп, жанкүйерлерінің қолдауына ие болуға мүмкіндік береді.

Екінші раундтың қорытындысы бойынша FIBA Азия кубогы-2029 турнирінің іріктеу кезеңінде жарысты жалғастыратын командалар анықталады. Оларға 2025 жылы Жиддада өткен Азия кубогының финалдық кезеңіне қатысқан 16 құрама қосылады.

Қазақстан құрамасы құрлықтық жарыстарға 1992 жылдан бері қатысып келеді. Ұлттық құраманың Азия чемпионаттарындағы үздік нәтижесі – 2007 жылы төртінші орын алуы. Сол турнирде қазақстандықтар жартылай финалға дейін жеткен.

Алдыңғы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Үндістан мен Катарды жеңгенімен, 2025 жылғы Азия кубогының финалдық кезеңіне шыға алмады.

Алматыда халықаралық турнирдің өтуі қалада баскетболды дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасы болмақ. Бұған дейін Алматыда Орталық Азия баскетбол қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің отырысы өткен. Сондай-ақ Қазақстан өкілдері FIBA Asia құрылымдарының жұмысына қатысып келеді.

Турнир жас спортшылар мен студенттерге халықаралық деңгейдегі баскетбол бәсекесін тікелей тамашалауға мүмкіндік береді. Қазір елімізде алты өңірдің жас баскетболшыларын қамтитын NBA Kazakhstan бағдарламасы және Ұлттық студенттік баскетбол лигасы жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу