Алматыда самокатпен жүргендерге бақылау күшейеді

271

Тараптар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қалалық инфрақұрылымды дамыту және заңнамадағы жаңа талаптарды сақтау мәселелерін жан-жақты талқылады. 

Алматыда самокатпен жүргендерге бақылау күшейеді Фото: canva

Алматы қаласының Алмалы ауданында полиция қызметкерлері электрсамокаттарды жалға беру қызметін көрсететін кикшеринг компанияларының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесуге полиция қызметкерлерімен қатар, қысқа мерзімді жалға беру қызметін жүзеге асыратын компаниялардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жиын электрсамокаттарды пайдалану тәртібін реттейтін заңнамадағы өзгерістердің күшіне енуі қарсаңында ұйымдастырылды. Электрсамокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз ету, сервистердің тұрақты әрі сапалы жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ пайдаланушылардың жол қозғалысы қағидалары туралы хабардарлығын арттыру бағытындағы операторлардың жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Полиция өкілдері мобильді қосымшалар мен пайдаланушы келісімдері арқылы профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызын атап өтіп, осы бағытта мемлекеттік органдар мен сервистік компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігін жеткізді.

Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан бүгінде электрсамокаттардың қала тұрғындарының күнделікті қатынас құралына айналғанын атап өтті.

– Электрсамокаттар заманауи қалалық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда оларды пайдалану нақты талаптар мен ережелерге негізделуі тиіс. Біздің мақсатымыз – операторлар мен пайдаланушылар үшін түсінікті әрі тиімді тәртіп қалыптастыру. Ең бастысы – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Мақсат Пшан.

Оның айтуынша енгізіліп жатқан жаңа нормалар ең алдымен жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты жалғастырып, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру бағытында бірлескен жұмысты күшейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу