Азаматтық белсенді: Алматыда қанды қырғыннан қаза тапқандар саны көп болуы мүмкін

2421

Бас прокуротура мәліметінше, елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 225 адам көз жұмған. Оның ішінде 19 полицей мен әскери қызметкер бар. Қаза болғандардың басым бөлігі Алматыда – 149 адам.

Азаматтық белсенді: Алматыда қанды қырғыннан қаза тапқандар саны көп болуы мүмкін

Азаматтық белсенді, журналист Айгерім Тлеужанова Алматыдағы қанды қырғыннан қаза тапқандар саны одан да көп болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Менің ойымша, (Алматыда – автор) қаза тапқандар саны 200-ден де көп болуы мүмкін", – деді азаматтық белсенді.

Оның айтуынша, бүгінде қалада бейбіт митингке шыққандарды қудалау басталған.

"Қудаланғандардың тізіміне тоқталайын. Бұл бір ұйымның дерегі емес. Ақпараттың басым бөлігі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасынан алынды... Бүгінде бейбіт митингке шыққан 500-ден аса адам қудаланып жатыр. Олар – саяси белсенділер. Мысалы, Дархан Уәлиев, Мұратбек Есенғазы, Серік Әбдіжәми және тағы басқа", – деді Айгерім Тлеужанова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол "Алматыда қаза тапқандар саны неге көп болуы мүмкін?" деген сұраққа жауап берді.

"Біріншіден, бізге әлеуметтік желілер арқылы аудио жазбалар келіп жатыр. Мысалы, бізге кеше (Алматыдағы – автор) ауруханада жансақтау бөлімінде жатқан жігіттің әпкесі хабарласты. Ол бауырының реанимация бөлімінде жатқанын, алайда оны дәрігерлер палатаға ауыстырса, полиция қызметкерлері тергеуге алып кететінін айтты.

Екіншіден, біздегі мәліметке сәйкес, Алматыдағы алаңда оқ тиген адамдар бар. Олар ауруханаға түскен. Кейін полиция қызметкерлері бұл азаматтарды тергеуге алып кеткен. Олардың арасында көз жұмғандар да болуы мүмкін. Өйткені біз оларға медициналық көмек көрсетілген-көрсетілмегенін білмейміз. Азаматтық белсенділерді ешкім полицияға кіргізіп жатқан жоқ.

Үшіншінден, алаңда болып, құқық қорғау органдарының көзіне түскендер бар. Қазір оларды құқық қорғау органдары тергеп жатыр", – деді журналист.

Ол құқық қорғау органдарынан ұсталған тұрғындарға қатысты әділ тергеу жүргізілуін талап етті. Осыған байланысты оның сөзін тағы бір азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов толықтырды.

"Жалпы 200-ден аса қарапайым тұрғын қаза тапты. Оның ішінде 18 құқық қорғау органының қызметкері бар. Кім кімге оқ атқан? Мұны тергеп, мәселенің анық-қанығын анықтау керек", – деді Тұрымбетов.

Айта кетейік, осыған дейін Бас прокуратура елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 225 адам қаза болғанын хабарлаған.

"Қазақстанда 4 578 жәбірленуші бар, 4 353 адам жараланған, 3 393-і құқық қорғау қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде 225 адам мәйітханаларға жеткізілді. Оның бір бөлігі – терактіге қатысқан, қару ұстанған қарақшылар. 19-ы – құқық қорғау қызметкерлері. Терроризм актісінен бейбіт тұрғындар да қаза болды", – деген еді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев 15 қаңтарда елордадағы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, тергеу топтары 546 қылмыстық істі тергеп жатыр.

"Оның ішінде 44 іс терроризм актісі, 34 іс жаппай тәртіпсіздік, 15 іс адам өлтіру фактісі бойынша қозғалды. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам қамалды. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан, прокуратура органдары 100-ден аса адамды босатты. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу