Алматыда эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Соған байланысты шаһарда карантин талаптары күшейтілді. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы-Бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz порталы.
"Соңғы тәулікте мегаполисте 437 адамнан коронавирус анықталды. Осыған байланысты көптеген бизнес нысандарының жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Мысалы, сән салондарына тек шаш қиюға ғана рұқсат. Ал сауда орталықтары мен сауда үйлері 20 наурыздан 28 наурызға дейін қызметін тоқтатады. Қоғамдық тамақтану орындарына тамақты тек тапсырыспен жеткізіп берулеріне рұқсат етіледі",- деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар, спорттық кешендердің де қызметі шектеледі. "Медеу" мен "Шымбұлақ" шаңғы курортында жаппай сырғанауға тыйым салынады. Келушілер саны 1000 адамға дейін қысқартылуы керек. Ал Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен "Қазпочта" АҚ бөлімшелері алдын ала жазылу бойынша таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Құралай Құдайберген