Ұсталған азамат желіде тараған видеодағы ақ түсті Toyota Camry көлігін тізгіндеген. Күдікті 1995 жылы туған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны болып шықты.
"Ол ұсталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыс жасау кезінде күдікті ақ түсті Toyota Camry маркалы автокөлікте болған. Қара түсті шетелдік көліктің жүргізушісі анықталды. Оны ұстау уақыт еншісінде", – деп хабарлады қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Думан Аухадиев.
Бүгін тергеу басқармасы, қылмыстық істің заттай айғағы ретінде ақ түсті Тoyota Camry мен қара түсті Toyota Avensis көліктері тәркіленгенін хабарлады. Оларды қылмыстық зертхана мамандары тексеріп, арнайы автотұраққа орналастырды. Тергеу басқармасы өкілдері, қос көлікте де адам қаққанның белгілері бар екенін растады.
Сондай-ақ көліктерді тізгіндеген азаматтардың әрекеттері ҚР Қылмыстық Кодексінің 24-бабы 3-бөлімі және 99-бабы 2-бөлімі бойынша "Адам өлтіруге оқталу" деп өзгертілді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін іс Қылмыстық кодекстің 293 бабы – "Бұзақылық", 345-бабы 2- бөлімі – "Жол-көлік ережесін бұзу" және 347 бабы – "Жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кету" бойынша қозғалған болатын.
Құралай Құдайберген