16 мамыр, сенбі күні, жаңа үлгідегі мектепке дейінгі білім беру орталығына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация арнайы барды. Кездесу қорытындысында бұл балабақша тәжірибесін еліміздің өзге өңірлерінде енгізу мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Green City Garden 320 балаға арналған. Балабақшада балалардың ойын арқылы дамып, тәжірибе жүзінде білім алуына басымдық берілген. Нысанның сәулеттік және білім беру тұжырымдамасы баланың өз бетінше әрекет ету дағдысын дамытуға негізделген: мұнда балалар жиһаз бен қажетті құралдарды еркін пайдалана алады, ал кеңістіктің ыңғайлы ұйымдастырылуы бөлмелерді күн барысында түрлі мақсатқа бейімдеуге мүмкіндік береді. Жатын бөлмелер қысқа уақыт ішінде ойын және дамытушы сабақ өтетін алаңға айналып, балаларға арналған пайдалы кеңістікті едәуір ұлғайтады.

Жобаның ерекшелігі

Ашық ойын алаңы еркін ойын тұжырымдамасын жалғастырады. Мұнда табиғи ландшафтқа басымдық берілген: жасанды құрылғылардың орнына төбешіктер, су элементтері, ағаш конструкциялар мен тақырыптық аймақтар қарастырылған. Әр топқа арналған орындар жасыл желекті қоршаулармен бөлінген, ал 30-дан астам бұта мен ағаш түрі балалардың табиғатты тануына мүмкіндік береді. Ғимараттың сәулеті заманауи еуропалық үлгіде орындалып, қасбеттегі түрлі-түсті жақтаулар нысанның ерекше келбетін қалыптастырады.
Ұлттық деңгейде кеңейту
Green City Garden Қазақстандағы жекеменшік мектепке дейінгі білім берудің үлгілік моделі ретінде қарастырылған. Жоба тұжырымдамасы осындай балабақшалардың елдің өзге қалаларында да бой көтеруін көздейді, бұл ретте сәулет, білім беру және инфрақұрылымдық талаптар сақталады.
