Айта кетейік, бүгін таңғы 6.20-да арнасынан асу қаупі туғандықтан №1 көлден Қарғалы өзеніне су ағызу жүгізілген. Нәтижесінде сел пайда болған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, сағат 9-дар шамасында сел қаупі сейілген.
Алайда сел қаупі толық сейілмеген. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын-алу шаралары жүргізілген. Сел қаупі бар Қарғалы өзені бойында 1 864 адам тұрады, 564 нысан орналасқан. Өзен Наурызбай , Алатау аудандары аумағынан өтеді. Бұл аумақта жарық, газ өшірілген. Жандосов және Рысқұлов көшелері қиылысындағы №175 мектеп пен Жандосов және Яссауи көшелері қиылысында орналасқан №158 мектеп эвакуациялық орын ретінде белгіленген.
"Қазәуеқұтқару" қызметі мен қалалық құтқару қызметі, Ұлттық ұлан дайындық режиміне көшірілген. Тұрғындар төтенше жағдай бойынша 278-20-83, 278-20-84 жедел желісіне хабарласа алады.
Таңертең өзен маңына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, жағдаймен танысқаны белгілі болды.
"Алдын ала жасалған болжам бойынша көл деңгейі 5 метрге төмендеген. Арнадан шыққан судың көлемі шамамен 20 мың куб. Қазіргі кезде өзен арнасы секундына 20 куб су өткізе алады. Осы сәтте 3,6 куб су өткізіп тұр. Сондай-ақ сел жүру қаупі болған жағдайда 8 аумақ белгіленіп, жедел көмек көрсетуге 59 техника мен 216 адам дайын болды. Жалпы жағдай бір қалыпты, дүрбелең туғызуға себеп жоқ",– дейді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Сел қаупі бар аумақ тұрғындарының кейбірі ТЖД ескертуінен кейін өз еріктерімен уақытша басқа жаққа кеткен. Өзен маңында тұратын тұрғындардың айтуынша, Қарғалы өзені жартысына дейін көтерілгені байқалады. Мұны мессенджерлер арқылы тарап жатқан видеолардан да байқауға болады.
Видео
Құралай Құдайберген