Алматыда Әуезов пен Төле би көшесінің қиылысында кесілген ағаштар апта басынан бері халық арасында қызу талқыға түсіп, мәселеге Президенттің өзі араласты. Қасым-Жомарт Тоқаев шаһар басшысына кінәлілерді анықтау туралы тапсырма бергеннен кейін аталған жайтқа қатысты "үнсіз" отырған Жасыл экономика басқармасы, қалалық прокуратура мен полиция департаменті хабарландыру таратып, БАҚ өкілдері алдына шығып баспасөз мәслихатын өткізді.
Қызыл кітапқа енген ағаштар
Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская көп созбақтамай сөзін бірден Ботаникалық бақ мамандары жүргізген сараптама қорытындысынан бастады.
"Сарапшылар кесілген ағаштардың Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаштар екенін анықтады. Онда 9 емен, 2 қараған, 2 бұтақты қарағаш кесілген. Бұл ағаштардың сирек кездесетін және азайып бара жатқан түрі екенін айта кету керек. Ол жойылып кетудің алдында тұр. Ал мұны істеген кәсіпкерлер Жасыл экономика басқармасынан рұқсат алмаған. Сонымен қатар Sulpak халықтан кешірім сұраудан бас тартты. Ал біз қала бойынша кесілген ағаштардың орнына көшет егу мәселесін қадағалаймыз", – деді басқарма басшысы.
БАҚ өкілдері басқарма басшысын сынға алып, неге бірден аталған факт бойынша шара қабылданбағанын, неге журналистердің сұрақтарына Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ғана жауап берілгенін сұрады. Алайда Наталья Ливинская ақталғысы келмеді ме, әлде жауап бергісі келмеді ме, сан сауалды сол күйі қалдырды...
Күдікті анықталды. Оған қандай жаза қолданылады?
Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахмановтың айтуынша, бұған дейін сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша жүргізілген. Бірақ кейін іс 339-баптың 2-бөлігіне ауыстырылған. Баптардың басты айырмашылығы ағаштардың түріне байланысты. Оталған жасыл-желек сирек кездесетін болғандықтан, кестірген адамның арқалайтын жауапкершілік жүгі де ауырлайды.
"Қазіргі кезде басты күдікті анықталды. Ол Алматы қаласының тұрғыны. Күдікке іліккен азаматша аумақты абаттандыру бойынша келісімшарт жасасып, ағаштарды кесуге 10 жұмысшы жалдаған. Ол жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысы. Тергеу барысында Sulpak әрекетіне де баға беріледі. Күдіктінің айтуынша, аталған аумақты абаттандыруға қатысты жоба бойынша сауда үйімен шарт жасалған. Жобада сауда үйінің аумағын ретке келтіру кезінде көше бойындағы ағаштар кесілуі керек болыпты. Ағаштар заңсыз оталған. Қазір бірнеше сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс тергеу сатысында. Қосымша ақпараттар алдағы уақытта беріледі", – деді Рустам Әбдірахманов.
Қылмыстық кодексінің 339-баптың 2-бөлігін саралап көрдік. Аталған құқықтық норма бойынша кінәлі тарап 3 мыңнан 7 мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл ақшаға шаққанда қомақты сома. Яғни, 8 млн теңгеден 19 млн теңгеге дейін. Сонымен қатар заңда 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе түзету жұмыстары сынды жаза қарастырылған.
Тәртіп сақшылары да жазалануы мүмкін
Алматыдағы Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысы Алмалы ауданы полиция бөліміне қарайды. Оқиға орын алған түні тұрғындар дәл осы бөлімге хабарласып, көмек сұрағанын желіде жарыса жазуда. Бірақ тәріп сақшылары үнсіз қалған. Халықтың шағымданғанын Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Берік Адамов та растап отыр. Енді ағаштар кесілген жерді күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің әрекеттері тексеріледі. Егер олардың сол түргі жұмысы заңға сәйкес келмесе, қатаң жаза қолданылады.
"Қала тұрғындарының әлеуметтік желідегі шағымдарын тексерудеміз. Сол түні сағат қаншада қоңырау түсті, шақырту қалай қабылданды, барлығы зерттелуде. Оны Алмалы ауданының прокуратурасы жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне міндетті түрде заңды баға беріледі. Тексеру нәтижесі негізінде полиция бөліміне бұйрық жібереміз", – деді Берік Адамов.
Құралай Құдайберген
Фото : facebook.com/Ермек Серкебаев