Алматыда LRT салынуы мүмкін бе?

Бақытжан Сағынтаев көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап берді. 

Алматыда LRT салынуы мүмкін бе? Фото: Максим Золотухин

Өткен жылы 29 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһарда жеңіл рельсті көлік (LRT) оның ішінде, жылдам жүретін трамвай желісін салу туралы сөз қозғаған. Алайда "бұл мақсатта 123 млрд теңге керек, ал ондай қаржыны қайдан табамыз?" деген әкім, сұраққа толық жауап бермеген. Бұл жолғы брифингте мегаполис басшысына түйіні тарқамаған осы сауал қайта қойылды. Бұл жолы әкім жеңіл рельсті көлік жолағы жобасы қолға алынатынын жоққа шығармады. 

"LRT-ті өтетін жерді әзірлеу жұмыстары аяқталған жоқ. Желілерді көшіру жұмыстары жалғасуда. Қазір біз қаржыландыру қалай жүзеге асырылатынын ойластырып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл салада бізбен халықаралық қаржылық ұйымдары жұмыс істеп жатыр. Қазір тиімді жағын қарастырудамыз. Несие қандай валютамен және қандай мөлшерлемемен берілетіні нақтыланады", - деді ол. 

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы "Батыс" және "Шығыс" автовокзалдарының құрылысы туралы сөз қозғады. 

"Екі жақта да жұмыс тоқтаған жоқ. Бұрынғы "Саяхат" автовокзалы орналасқан аумақ жеке иелікте. Қазір жеке адамдар тарапынан қызығушылық бар. Онда олар көлік хабын сала алады. Жылдам  жүретін автобус жолағын салар кезде (BRT) ол жерде Талғар қаласының тұрғындарына арналған депо ашу жоспарланған", – деді қала әкімі. 

Шаһар басшысының сөзінше Алматыда жылдам жүретін автобус (BRT) жолағының екінші желісінің құрылысы бойынша да талқылау жүріп жатқан көрінеді. Ол Тимирязев көшесінің бойындағы жолақтың жалғасы болмақ. 

"BRT Желтоқсан көшесі арқылы Төле би көшесіне шығады. Кейін ол Шығыс айналма жолына қосылады. Біз бұл жобасы қоғам талқысына шығардық. Бұл тұрғыда түрлі  пікірлер айтылуда. Сондықтан жобаны қабылдамас бұрын қоғамның ойын ескереміз. Жалпы BRT-нің екінші желісі бойынша негізгі сұлбасы дайын", – деді Бақытжан Сағынтаев. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу