Қазақстанның оңтүстік астанасында екі апталық теннис фестивалі аяқталды. Әдемі ойындар, сынған ракеткалар мен алысқа ұшқан доптар, жеңілістер – осының барлығы "Beeline Open Challenger 80 Almaty" және Beeline Business Challenger 80 Almaty" турнирлерінің қатысушыларына жарқын эмоциялар сыйлады.
Голландиялық Каспер де Йонг пен чилилік Томас Марсело Вера "Beeline Business Challenger 80 Almaty" турнирінің финалдық кездесуінде бақ сынады. 21 жастағы Каспердің Алматыда жолы болды. Бұл оның спорттық мансабындағы "Челленджердегі" алғашқы финал еді. Ал бір апта бұрын ол украиналық Виталий Сачкомен бірге жұпты сынла жеңіс тойын тойлады. Голландия теннисінің болашағынан зор үміт күттіретін жұлдыздарының бірі қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 204 орында тұр.
23 жастағы чилилік теннисші үшін Алматы - таныс қала. 2019-жылы ол дәл осы турнирде екінші айналымда жеңіліп қалды. Бүгін соңғы тартысты кездесуде жеңілді.
Де Йонг матчтың алғашқы секундтарынан бастап агрессивті ойнап, бірінші сетті жеңіспен аяқтады 6: 1. Екінші ойында сценарий өзгерген жоқ. Қызғалдақтар елінің өкілі қысым көрсетіп, қатесіз ойнауды жалғастырды. Ол барынша жинақы ойнап, сенімді түрде кездесуді жеңіске жеткізді. Ойын барысында чилилік бірде-бір брейк-пойнт жасаған жоқ. Қорытынды нәтиже: 6: 1, 6: 2.
"Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын! Алматы мен үшін ерекше қалаға айналады. Жеңіске жету үшін ұзақ жолды жүріп өттім. Өйткені мен жарысты іріктеу кезеңінен бастадым. Анам мені бірінші болып құттықтады. Ол матчты онлайн тамашалап отырды. Маған сенім артқан бапкеріме алғысымды білдіремін", - деді марапаттаудан кейін Каспер.
Ал турнирде жұптық сында украиналықтар Владислав Манафов / Виталий Сачко дуэті жеңіске жетті. Олар француз Корентин Денолли мен испаниялық Адриан Мендестен басым түсті - 6: 1, 6: 4.
Ермұхамед Мәулен