Оның ішінде 4 полиция қызметкері жансақтау бөліміне жатқызылды. Алматыда шерушілер Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысына қойылған қоршауды бұзып өтіп, көше бойымен орталыққа қарай жылжыды. Мұнда бірнеше полиция көлігі мен ағаштар өртеніп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сонымен қатар оқиға орнындағы куәгерлер Төле би көшесінің бойындағы "Нұр Отан" партиясының ғимаратынан өрт шыққанын хабарлады. Көше бойында көлік дөңгелектерін өртеп, өз талаптарын орындауды сұрауда. Халық "Қымбатшылық жойылсын!", "Азық-түлік, коммуналдық қызмет ақысы арзандатылсын!" деп ұрандауда.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, соңғы тәулікте емдеу мекемелеріне 190 адам жүгінген, оның 150-і жедел жәрдеммен 40-ы өз бетінше келген.
"40 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 7 зардап шеккен. 4 полиция қызметкері жансақтау бөлімінде", – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Зардап шеккендердің ішінде 137 полиция қызметкері мен 53 бейбіт тұрғын бар.
Еске сала кетсек, Жаңаөзенде басталған бейбіт шерудің арты Алматы, Тараздағы шерулерге ұласты. Әзірге 200-ге жуық адам ұсталды. Алматы, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында 19 қаңтарға дейін Төтенше жағдай жарияланды.
Құралай Құдайберген