Алматыда жас кәсіпкерлер клубы ашылды

1196

Мың адамға жеңілдетілген несие беру үшін 5 млрд теңге бөлінді.

Алматыда жас кәсіпкерлер клубы ашылды Фото: rsk.almaty.kz

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында кәсіпкерлер клубының ашылуы және жастар үшін басқа да мүмкіндіктер туралы "Кәсіпкерлер клубы" жобасының басшысы Темірлан Сали, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек нарығын дамыту бөлімінің бас маманы Күләш Әділбекова және "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ несиелеу бөлімінің бас маманы Нұрберген Таңырбергенұлы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жобаның мақсаты - Алматы қаласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жас кәсіпкерлердің тұрақты қоғамдастығын құру және дамыту.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, клуб өз бизнесін ашуға және дамытуға ниет білдірген жастарды біріктіруге арналған.

"Алматы қаласында жастар саясаты басқармасының қолдауымен "Жас кәсіпкерлер клубы" ашылды. Біз жастарға мемлекеттік қолдау, гранттар және оларға арналған түрлі мүмкіндіктер туралы айтып, қолдау көрсетеміз", - деді Темірлан Сали.

Алматы қаласында тұратын 18 және 35 жас аралығындағы жастар клубтың мүшесі бола алады.

Клуб аясында арнайы тәлімгерлік және сараптамалық консультациялар, бизнес-жаттықтырушылармен қарым-қатынас, іскер қоғамдастықпен, бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, пікірталас, конференция, дәрістер сияқты түрлі форматтағы онлайн іс-шаралар өткізіледі. Оған қоса сарапшылар мен тәжірибелі кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Клуб мүшелері қоғамдастықтың бір бөлігіне айналып, бір-бірімен тәжірибе алмаса алады, сонымен қатар қаланың танымал кәсіпкерлерімен өзара әрекеттесуге мүмкіндік алады.

Өз кезегінде, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ кредиттеу бөлімінің бас маманы Нұрберген Танырбергенұлы жас кәсіпкерлер үшін  қолайлы мүмкіндік - 2,5% микрокредиттеу  туралы айтып берді.

"Осы жылдың наурыз айынан бастап бізде жастарға шағын несие беру бағдарламасы басталды. Қазіргі уақытта біз несиелік өтініштерді қарастырамыз және қабылдаймыз. Дәл қазіргі уақытта алғашқы өтінімдер мақұлданып, қаржыландыру кезеңінде тұр", - деп бөлісті спикер.

Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын дамыту бөлімінің бас маманы Күләш Әділбекова аталмыш мақсаттарға байланысты Алматыда мың адамға 5 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптар:

- 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар;

- ЖК түріндегі тіркеудің болуы (өтінім беру кезінде 5 жылдан аспауы қажет);

- соңғы екі жылда несие тарихы бойынша 180 күннен артық кешіктірудің болмауы;

- өтініш берген кезде салық және несие бойынша берешектің болмауы.

Кредиттеудің ең жоғары сомасы 5 млн теңгеге дейін, ал сыйақының пайыздық мөлшерлемесі 2,5%  жылдық мөлшерлемені құрайды. Жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, пәтер, ауыл шаруашылығы бағытындағы жер учаскелері) түріндегі кепілдің болуы міндетті шарт болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу