Жыл басынан бері тек Алматының өзінде 5 баланың терезеден құлау фактісі тіркелген. Олардың басым бөлігі қайғылы жағдаймен аяқталған.
2 тамыз күні Алматыда баланың терезеден құлап кетуінің 2 дерегі тіркелген. Бірі Медеу ауданында 5-қабаттан 4 жасар ұл бала құлап, жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған. Кейін Әуезов ауданында маса кіргізбейтін тормен бірге 3-қабаттан 2 жасар қыз құлап, ауыр халде жатыр.
"Мұндай жағдайлар ата-аналардың баланы қараусыз қалдырып, қауіпсіздің ережелерін сақтамауы салдарынан болады. Терезеден көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар құлап кетеді. Себебі олар қорқыныш сезімін түсіне бермейді және айналаны зерттеуді жақсы көреді",– дейді Алматы ТЖД өкілдері.
Осы орайда назарларыңызға көпқабатты үй тұрғындарына арналған қауіпсіздік ережелерін ұсынамыз:
1. Балалар 12,5 см-ден кеңірек ашылған терезеден құлап кетуі мүмкін. Сондықтан терезелерге толық ашылмайтындай шектегіш құрылғылар орнату.
2. Балаларды терезеден қашық жерде ойнауға үйрету керек.
3. Балалар әрдайым ата-анасының көз алдында болуы тиіс.
4. Масаға арналған торға сенбеңіздер.
5. Балалар шығуға ыңғайлы орындық, үстел қоймаңыздар.
Одан бөлек еліміздің әр өңірінде 10 тамыз күні 3 баланың терезеден құлау дерегі тіркелген. Жалпы 2014 жылдан бері осындай мәліметтерді тіркеу қолға алынған. Оған дейін терезеден құлау фактілерін ресми тіркеу жүргізілмеген. Тек соңғы жылдардың өзін алсақ, Қазақстанда 2016 жылы - 85, 2017 жылы 107 оқиға тіркелген.
Құралай Құдайберген