Алматыдағы ақылы автотұрақтар қала меншігіне қайтарылды

Көлік тұрақтарының жылдық қаржы айналымы 1,4 млрд теңгені құрайды. Енді қомақты сома шаһар бюджетіне түсіп, инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ.

Алматыдағы ақылы автотұрақтар қала меншігіне қайтарылды

Алматы қаласының коммуналдық меншігіне ақылы автотұрақтар қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қаланың ақылы автотұрақтарына "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС үлесінің және "Alan Parking" ЖШС қызмет көрсететін.  Біріншісі тротуар бойындағы, екіншісі алаңдардағы тұрақтардан ақша алатын. 

"Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС үлесінің 70% және "Alan Parking" ЖШС үлесінің 100% қала меншігіне қайтарылды. Әкімдік меншік иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, ұрлық жасады деген айып тағылғаннан кейін ақылы тротуарлар мен алаңдағы тұрақтарды мемлекетке қайтаруды шешті. Бұл монополиясыздандыру мақсатында жасалды. Сондықтан Алматы әкімдігі жоғарыда аталған компаниялардың акцияларын қайтару туралы қаулы қабылдады", – деп жазылған қала әкімдігі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС-ның 30%-ы мегаполис әкімдікке тиесілі еді.

"Бүгінде ақылы автотұрақ жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Енді барлық ақылы тұрақтар толығымен коммуналдық меншікте. 25 сәуірден бастап автотұрақтардан түскен барлық кіріс қалалық бюджетке түседі. Бұған дейін қаражат жеке компаниялардың шоттарына түскен. Көлік тұрақтарының айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады. Әкімдік Алматыда автотұрақ аймағын ұйымдастыру бойынша бірыңғай оператор құру жұмыстарын бастады. Құжаттарды қабылдап, монополияға қарсы органдармен келісе отырып бірыңғай оператор 1 тамызға дейін құрылады", – деп толықтырды әкімдікте.

Еске сала кетсек, соңғы уақытта ақылы автотұрақтардың жұмысына алматылықтардың арыз-шағымдары көбейген. Қала тұрғындарына ай сайын айыппұлдар келіп, құзырлы органдар халықты төлемнің түспеуі, техникалық ақаулар сынды мән-жайларға қарамастар айыппұлдарды төлеуге міндеттейтін.

Енді әкімдік осы шағымдар негізінде ақылы автотұрақтардың жұмысын жақсарту бойынша кешенді шаралар қолға алынатыны хабарланды. Бұл қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қолға алынбақ.

"Алдағы уақытта қалалық автотұрақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Онда халықаралық тәжірибе қолданылып, ақылы автотұрақтардан түскен қаражат көшелер мен аулаларды абаттандыруға бағытталады. Көпқабатты автотұрақтардың құрылысы мен саладағы қалада қордаланған мәселелерді шешуге де басымдық беріледі", – деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілген. Ақылы автотұрақтардың жылдық қаржы айналымы орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда компания басшыларына бюджет қаражатын жымқыруға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

"Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясы бес ауданда (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) тротуарлы тұрақтарға қызмет көрсеткен. Alan Parking компаниясы үш аудандағы (Алатау, Бостандық, Жетісу) автотұрақтарға қызмет көрсеткен еді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу