Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов Алатау ауданындағы атысқа қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан жауап алынуда. Мәліметтер нақтылануда", – деді спикер.
Белгілі болғандай, күдікті оқ атқан қаруын 2008 жылы тіркеген. Сонымен қатар ол психиатриялық диспансерде есепте тұрмаған. Оқиған болған сәтте үйде жеті адам болған. Оның үшеуі кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Қазіргі кезде жағдайға қатысты ведомствоаралық жедел топ құрылды.
"Тергеу нәтижелері бойынша полиция толық ақпарат береді. Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетіледі. Олардың арттарында кәмелеттік жасқа толмаған балалары қалды", – деді департамент басшысы.
Қайтыс болған тәртіп сақшысының бірі – Дархан Сүлеев, 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында жұмыс істеген. 2012-2017 жылдар аралығында Қаржылық қылмыспен күрес бөлімінде ізкесуші, 2017-2019 жылдар аралығында Аса қауіпті қылмыстармен күрес бөлімінде жұмыс істеді. Ал қазіргі қызметіне (Алатау аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция қызметкері) 2021 жылдың 20 тамызында - тура бір ай бұрын ғана тағайындалған. Марқұмның жасы небәрі 39-да болған, оның артында мектеп және мектепке жасына дейінгі бес баласы қалды.
Қайтыс болған екінші тәртіп сақшысы – Нұрбол Байғазиев. 2014 жылдан бастап құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. 2020 жылдың басында Алатау ауданының жергілікті полиция бөлімінің учаскелік инспекторының көмекшісі болып тағайындалды. 2021 жылы 28 шілдеде учаскелік қызметке кіріскен, сол күні оған капитан атағы берілді. Марқұм 33 жаста болған, артында кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы қалды.
Еске сала кетсек, 20 қыркүйек күні Алматының "Ақбұлақ" ықшам ауданында 54 жастағы ер адам сот шешімін орындауға келген тәртіп сақшылары мен сот орындаушысына оқ атқан. Оқиға орнында бес адам: сот орындаушысы, екі полицей мен үйдің заңды иесі және оның досы қаза тапты.
Ер адам ұсталды. Адам өлтіргені үшін оған 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесілуі мүмкін.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !