Алматыда вирус жұқтырғандар саны қайтадан көбейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шаһардың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.
"Қаладағы эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Мұны эпид ахуалды бағалау матрицасының "жасыл" және "сары аймақтар арасындағы шекарада болуынан көруге болады. Коронавирустық инфекция басқа да жұқпалы аурулар сияқты толқынды даму сипатына ие. Осылайша Алматы қаласы қайтадан "сары" аймаққа кірді. Жыл басынан бері қалада коронавирустық инфекцияның 16 667 жағдайы, тамыз айынан бері есептегенде 1205 анықталмаған пневмония тіркелді", – деген спикер эпидемияның екінші толқыны туралы деректермен бөлісті.
Осылайша қазан айында мегаполисте 366 коронавирустық инфекция жағдайы, қарашада 1390 жағдайы тіркелген. Науқастар саны бірден 3,8 есе өскен.
Бұл ретте Бас санитар дәрігер көп сөзбақтамай, бірден жағымды және жағымсыз болжамдармен бөлісті. Сөз соңында, ахуалдың оңалуы халықтың қолында екенін де атап өтті.
"Жалпы сырқаттану көрсеткіші 1,1 есе арты. Бұл болжамды өсім. Желтоқсан айының бірінші аптасында тіркелетін жағдай 424 болса, төртінші аптада 563 жағдай тіркелуі мүмкін. Желтоқсанда оптимистік болжам бойынша 1900 жағдай күтілуде. Ал пессимистік болжам бойынша сырқаттанғандар саны 2100 науқасқа жетуі ықтимал", – деді Жандарбек Бекшин.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!