Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сабақ беретін шетелдік мұғалімдердің бірі бұрын сотталған. Күні кеше ғана "Не молчи" қоғамдастығы осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ұйымның дерегінше информатика пәнінің мұғалімі Ұлыбритания азаматы Ли Эшфорд бірнеше жыл бұрын әйелін соққыға жыққаны үшін істі болған.
"Бізге Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде информатика пәнінен сабақ беретін шетелдік Ли Эшфорд бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ол 2017 жылы адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін өз елінде сотталған. Айта кететіні аталған азамат 2018 жылдың қазан айынан 2021 жылдың тамыз айына дейін Талдықорған қаласындағы НЗМ-де жұмыс істеген. Алматыдағы оқу ордасында 2021 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет етеді", – деп жазылған ұйым таратқан жазбада.
Белсенділер қолдарында прокурордың хаты, сотталғаны туралы деректер және мұны растайтын басқа да құжаттары бар екенін мәлімдеп, әйелінің тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы жазбасы мен суреттерін жариялады.
Сонымен қатар 2018 жылдың ақпан айында жағдайды айғақтайтын WalesOnline басылымында жарияланған ақпараттарды ұсынды. Онда жергілікті колледж оқытушысы Ли Эшфордтың әйелін ойыншық гитарамен ұрып-соққанын және 2017 жылдың сәуірінде қылмыс жасағанын мойындағаннан кейін бір жылға сабақ беруден шеттетілгені жазылған. Сот оны 12 айға қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарған.
"ҚР Еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағына сәйкес сотталған адамдарға білім беру саласындағы ұйымдарда жұмыс істеуге болмайды. Алайда Назарбаев зияткерлік мектебі оны заңға қайшы жұмысқа алған", – деп мәлімдеді қоғамдық ұйым заңгерлері.
Бұл ретте Назарбаев Зияткерлік мектептерінің баспасөз қызметі шетелдік мұғалімнің сотталғаны туралы ақпаратқа жауап берді. Олар шынымен Ли Эшфорд есімді мұғалімнің Алматыдағы физика-математика бағытындағы мектепте жұмыс істейтінін растады.
"Ол 2018 жылдың 30 қазанынан бастап Талдықорған НЗМ-де жұмыс істейді. Осында жұмысқа тұрған кезде ол 2018 жылғы 30 қаңтардағы сотталмағаны туралы құжатты ұсынды. Соның негізінде қызметке қабылданған. Шетелдік оқытушыны қабылдау канадалық TeachAway рекрутингтік компаниясы арқылы жүзеге асырылды. Бізге жұмысқа орналасқанда барлық қажетті құжаттарды ұсынды. НЗМ жүйесінде үш жыл жұмыс істеген үш жылда мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен жеке басына қатысты шағымдар болған жоқ", – деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметі.
Осы орайда зияткерлік мектеп аталған деректерден кейін Ли Эшфордқа қатысты қосымша тексеру және ішкі тергеу жүргізетінін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 28 қазанда ғана Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы қайтыс болды. Полиция бұл деректі суицид деп атаса, мектеп әкімшілігі мұны мектептен тыс уақытта болған жағдай деп қысқа қайырды.
Құралай Құдайберген