Алматыдағы секс-бизнестің ерекшеліктері

10028

Inbusiness.kz  жезөкшелікпен кім, қалай табыс тауып жүргенін зерттеді.

Алматыдағы секс-бизнестің ерекшеліктері

Адамның нәпсісін қоздыратын ашық-шашық киім, тақ-тұқ еткен бізөкше киюдің немесе опа-долап жағынып, иіссу себінудің қажеті жоқ. Ұйпа-тұйпа шашпен, боялмаған қаспен, керек десеңіз, тізесі жыртық  джинсымен де жүре беруге болады. Ең бастысы С.Сейфуллин даңғылының Алматы-1 теміржол вокзалынан 1-1,5 шақырым жерде орналасқан тұсынан табылу керек.

Дәл осы жер сұраныс пен ұсыныстың қан базары.

I бөлім: Алыпсатарлық пен жабайылықтың мекені

Жеңіл жүрістілердің жұмысы оңай емес. Олар күн-түн демей, сағатпен санаспай жұмыс істей береді. Себебі жұмыстары қашан басталып, қашан аяқталатынын білмейді. Тіпті бір аптада қанша адамға қызмет көрсетіндерінен, қанша табыс табатындарынан да бейхабар.

Бағалары all inclusive үшін сағатына 5 мың теңгеден басталып, 8 мың теңгеге (2 сағат 14 мың теңге) жетеді. Іс барысында белгілі шектеулер бар. Осы турасында алдын ала ауызша келісім жасалады.

Бұл жерде қысылу, қымсыну деген мүлдем жоқ. Әңгіме ашық айтылады. Тіпті тараптар базардағыдай саудаласады. Еркек кіндіктілердің жеңіл жүрістілермен жасап жатқан келіссөзін құлағы шалып қалған тұрғындар ештеңеге таңқалмайды.

Өйткені олардың барлығы бұл жерде кімдер, не үшін жүретінін жақсы біледі. Мұнда махаббат жоқ, есесіне алыпсатарлық пен жабайылық бар. Жезөкшелер және соларды қалайтын еркектер көшеде, автокөлікте, арзан қонақүйлер мен пәтерлерде шаруаларын бітіре береді.

"Біз сізге мұны не үшін айтуымыз керек? Бізге бұдан қандай пайда бар?" ,– деп өзімізге қарсы сұрақ қойды С. Сейфуллин бойындағы сылқым. Шынымен, бізбен тілдескені үшін оған ақша ұсыну ойымызға кіріп шыққан жоқ. Себебі секс-индустрия өкіліне өзіңді журналист ретінде таныстырып, сұхбат сұрау, ақылға қонымсыз нәрсе.

II бөлім: Жалға берілетін пәтерлер

Жыныстық қатынасқа түсетіндер үшін пәтер беретін адамдардың бар екені және олардың табыс тауып отырғаны белгілі. Мұндай пәтерлерді пәтер емес, "бордель" деген дұрыс.

"Мұндай "бордельдерге" жүздеген адам келеді", – деді атын атауды жөн көрмеген бірінші Алматының тұрғыны. Тұрғындар үнемі полицияға шағымданады, алайда олар нақты шара қолданбайды.

Жезөкшелер жол бойында топтасып тұрады. Шағын ауданның тұрғындары олардың барлығын таниды. Куәгерлердің айтуынша, бір жезөкше күніне жоқ дегенде 5-6 еркекке қызмет көрсетеді. Олардың арасында бір күнде 20 еркекті қанағаттандыратындары да бар-мыс.

"Егер біз олардың барлығын танысақ, полиция неге танымайды? Жезөкшелерге қамқорлық танытып жүргендер кімдер?", – деп жалғастырды әңгімесін сұхбат беруші.

"Әкім ауысқан сайын шағымданамыз, бірақ ештеңе өзгермейді. Міне, қараңыз, қаншама пәтер жалға беріледі. Осылардың барлығы қала қонақтары мен іссапармен жүрген адамдарға арналмаған ғой"  деп отыр тұрғындар.

С.Сейфуллин даңғылының бойында жалға пәтер беретін әйелдер жезөкшелерден көп. Мұндайлар Абылай хан даңғылы мен Алматы-2 вокзалының маңында да толып тұр. Баға әртүрлі. Алматы-2 вокзалының жанындағы пәтерлерді жалға бергені үшін сағатына 2 мың, тәулігіне 8-13 мың сұрайды. Егер пәтерге еуроәрлеу жасалған, сонымен қатар кондиционер, Wi-Fi орнатылса, бағасы қымбат болады. Егер құжат пен чек талап етсеңіз, қосымша ақша төлеу қажет болады.

 Алматы-1 вокзалының қасында пәтерді бір сағатқа жалға алу 1500, жарты тәулікке алу 5 мың теңге. Саудаласқандарға тәулігіне 6 мың теңгеге де береді. Құжат қажет болса, қосымша 2 мың теңге сұрайды.

Пәтерлерді жалға беретін әйелдер жезөкшелермен байланыстары жоқ екенін айтып, ант-су ішеді. Алайда оларға ешкім сенбейді.

III бөлім: Жеңгетайлар

Секс-бизнеске тікелей қатысы бар жеңгетайлар жайлы көп айтылмайды. Олар жұмыстарын үндемей жүріп тындырады. Жеңгетайлар жезөкшелердің жанында көшеде тұрмайды және жергілікті тұрғындар секілді , журналистермен тілдеспейді. Қазақстанда жезөкшелікпен айналысатындарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Қылмыстық кодексте жезөкшелікті ұйымдастырған және олардың ордасын жасақтаған жандар ғана жауапкершілікке тартылады.

"Қазақстанда жезөкшелікпен айналысуға заң бойынша тыйым салынбаған. Бірақ жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу, бордельдерді басқару, жезөкшелікті ұйымдастыру заңсыз болып табылады"", – деп жазылған 2008 жылдың 11 наурызында жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында.

Осы құжатта Қазақстанда жезөкшелік пен әйел саудасы өзекті мәселе екені және бұл іске жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері "қамқорлық" көрсететіні нақтыланған.

2012 жылы ЮНИСЕФ-тің халықаралық кеңесшісі доктор Робин Н. Хаарр АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің қолдауымен "Қазақстандағы адам саудасы және сексуалды құлдық" деген есебін жариялады. Осы есептің "Жезөкшелік және сексуалды құлдық" деген бөлімінде зерттеу барысында сұрақ қойылған респонденттердің 39,1%-ы ақша үшін сексуалды қызмет көрсеткендерін айтқан.

Жәбірленушілердің 35,9%-ы еркектерге мәжбүрлі түрде жыныстық қызмет көрсеткенін баяндаған. Бұл факт кейбір қыздар сексуалды құлдыққа тап болғандарын өзгеден емес, өздерінен көретініне айғақ болды.

IV бөлім: Секс-қызмет нарығы 

Қазақстанда жезөкшелікпен айналысуға болады, себебі тыйым салынбаған.

Экономистер дәл осы нарықтағы ақша айналымын есептеп шығарғысы келеді. Бірақ дерек, дәйек тапшы.

Алматы тұрғындарының қала билігіне жолдаған шағымдарын назарға ала отырып, қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы секс-қызмет нарығына төмендегідей пікір білдірді.

"Секс-қызмет нарығы бойынша эмпирикалық анализ жасалды. Соған сәйкес секс-бизнес нарығындағы әйелдер сегментінде олардың бойына, салмағына, жасына мән берілетіні, ал еркектер сегментінде олардың "еркектік мүшесінің" көлеміне және қосымша қызмет көрсете алатынына назар аударылатыны анықталды".

Қазақстанда секс-жұмысшыларға қатысты тақырып жиі көтерілмейді. Бірақ оның салдары көлеңкелі экономикада, денсаулық сақтау саласында, еңбек нарығында, құқық пен заң саласында қылаң беріп тұрады.

Катерина Клеменкова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу