Алматы мәслихатының кезекті сессиясында қаладағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отырыс барысында депутат Елена Те қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановқа "Медеу" мұз айдынын жаңғырту және жаңа стадион салу жобаларына қатысты сұрақ қойды.
– Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен бұл стадион бірегей нысандар қатарына жатқызылды. Жобаны жүзеге асыру үшін Құрылыс істері комитеті бекіткен жеке жоспар бар, біз соның негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл стадионда еуропалық деңгейдегі ірі турнирлерді өткізуге өтінім бере алуымыз үшін жобаны Қазақстан футбол федерациясымен, УЕФА-мен және өзіміздің "Қайрат" футбол клубымен келісіп жатырмыз. Бірақ біздің өңірде сейсмикалық қауіптің жоғары екенін ескеру қажет. Стадион салынып жатқан учаске 10 балдық аймаққа жатады. Сондықтан бұл жобаны Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесе мұқият пысықтап жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта сынақ қадаларын қағу жұмыстары жүріп жатыр. Осы сынақтар аяқталғаннан кейін іргетас құю жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл – өте маңызды жоба әрі ерекше бақылауда тұр. Алдын ала болжам бойынша құрылысты 2028 жылдың наурыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Сонымен қатар Бейбіт Шаханов "Медеу" мұз айдыны тарихи және сәулет ескерткіші тізімінде екенін атап өтті.
– Сол себепті жоба Мәдениет министрлігімен және "Қазқайтажаңарту" мекемесімен келісіледі. Қазіргі уақытта қажетті ғылыми сараптамаларды алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. – 2027–2028 жылдардың маусымына қарай "Медеу" мұз айдыны қонақтар мен туристерді қабылдай бастайды деп болжап отырмыз,– деді әкімнің орынбасары.
Өз кезегінде Бейбіт Шаханов аталған бастамалардың Алматы қаласы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.