Алматыдан Тәшкенге жолаушылар пойызы жүреді

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
4560

Биылғы әз Наурыз мерекесі Алматыдан №1/2 "Алматы – Ташкент" бағдарында халықаралық жолаушылар пойызын салтанатты шығарып салу рәсімімен басталғалы отыр.

Алматыдан Тәшкенге  жолаушылар пойызы жүреді

Бұл пойыз қозғалысы Қазақстан және Өзбекстан республикаларының үкіметтері арасындағы келісім шеңберінде ұйымдастырылуда.  

Кең қорапты "Тұлпар-Тальго" құрамдарынан жасақталған пойыз құрамындағы барлық типті вагондар жаңа үлгіде жасалған, интерьері мен дизайны түгел өзгерген. Бұл вагондардың орындықтары мен багаждары жетілдірілген. Әр бизнес-класс вагонының қолжуғышы мен шағын үстелдері бар. Гранд-класс вагондарда да жолаушыға барлық жайлылық жасалған. Мүгедек жандар үшін де қолайлылық бар, айқара ашылатын кіреберіс есіктер, кең дәліз, жиналмалы көтергіш жабдықтары қарастырылған.

"Тұлпар -Тальгоның"  жаңа үлгідегі барлық вагондарының қорабының ені 25 сантиметрге кеңейтілсе, биіктігі 22,4 сантиметрге көтерілген.  Пойыз 29 вагоннан тұрады. Алматыдан аптасына екі рет дүйсенбі, сенбі күндері шықса, Ташкенттен сейсенбі, жексенбі күндері кері қарай шығады. Пойыз жолды 16 сағат 30 минутта жүріп өтеді. Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағаш, Ташкент станцияларына аялдайды. Пойыздың бағасы Алматыдан Ташкентке дейін: люкс – 13 036 теңге, бизнес – 11 077 теңге, купе – 9 342 теңге және отыратын орындары – 4 228 теңгені құрайды. Кең қорапты пойыздар "Алматы – Астана" бағдарында 2016 жылғы 11 желтоқсаннан жүре бастаса, "Алматы-2 – Шымкент" пойызы 2017 жылғы 1 қаңтарда жолға шыққан болатын. Қазіргі кезде 14 жүрдек пойыз бағдарлары республиканың барлық облыс орталықтарына қатынайды.

"Біз былтыр "Тұлпар-Тальго" ЖШС мен "Жолаушылар тасымалы" АҚ арасында жасалған ұзақмерзімді келісімшарт шеңберінде 116 вагоннан тұратын 4 құрамды жасап, оны желтоқсан айында тапсырдық. Бұл тапсырыс берушінің қалауына қарай жетілдіріліп жасалған кең шанақты вагондар. Қазір бұл вагондар қолданыста  сәтті қызмет етуде, "Жолаушылар тасымалы" АҚ тарапынан ешбір шағым түскен жоқ. Биыл біз барлығы 58 вагоннан тұратын екі құрамды тапсыратын боламыз. Қазір сол вагондарды құрастыру үстіндеміз. Желтоқсан айында пайдалануға тапсырамыз деп межелеп отырмыз. Жалпы екі кәсіпорын арасында 2021 жылға дейін жасалған  ұзақмерзімді келісімшарт бойынша 608 вагон жасап, тапсыруымыз керек. Вагондарымыз Ресейде сынақтан өтіп, сертификатталған", – дейді "Тұлпар-Тальго" ЖШС Өндірістік директордың орынбасары Владимир Кисилев.

Оның айтуынша, қазір "Қазақстанда жасалған" таңбасымен құрастырылып жатқан тальголық вагондардағы қазақстандық үлес шамамен 30% деңгейін құрайды екен. Қазақстандық үлес вагон типіне қарай әртүрлі.  Ең көп, яғни 30 пайыздық отандық үлес "Турист" санатындағы вагонда көрінеді. Қазақстанда металдықұрылым жасалса, есік, терезелерді ресейлік компаниялар жтекізуде, ал вагон интерьері де испандық және ресейлік кәсіпорындардың қатысуымен жасалуда.  

Толық қуатында жұмыс істеп жатқан жолаушылар вагонын құрастырушы зауыт экспортқа "Тұлпар-Тальго" вагондарын дайындауға да әзір екен. Қазір қазақстандық вагонға тек Иран елі қызығушылық білдіріпті. "Біздің вагондардан жасақталған бір пойыз Иран елінде сынақтан өтіп келді. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, ирандықтар ризашылығына бөленді. Қазір бұл елмен келіссөздер жүргізілуде. Өзараәрекеттесу туралы меморандумға қол қойылған. Бірақ нақты келісімшарт жоқ", – дейді зауыт өкілі.

"ЭКСПО" көрмесіне де жеңілдік бар

Темір жол көлігімен бұқара халыққа қызмет көрсетіп отырған "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының наурыз мерекесі қарсаңында жолаушыларға тағы бір сыйы бар. Ол "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне темір жол билеттері арқылы  берілетін жеңілдіктер. Оның біріншісі, "Астана-ЭКСПО" дисконттық картасы. Бұл картаны жолаушылар наурыз айынан бастап билет кассаларынан сатып ала алады. Ол Тұлпар-Тальго пойыздарына 2017 жылдың соңына дейін 15 пайыздық жеңілдік береді. Сонымен қатар кез келген демалыс күнінде ЭКСПО-ға кіретін премиум билеті қоса сыйға беріледі. Аталған дисконттық картаны Астана, Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Атырау, Орал, Маңғышлак, Павлодар, Петропавловск, Қызылорда, Қостанай, Семей және тағы басқа да  қалалардың теміржол кассаларынан сатып алуға болады. Екіншісі, біртұтас қызмет, яғни осы қызмет арқылы жолаушы қалауы бойынша кез келген бағытқа теміржол билетімен бірге ЭКСПО билетін де қоса сатып ала алады.

"Осы ретте ЭКСПО-ға билеттің үш түрі ұсынылатынын айтып өткіміз келеді. Біріншісі, жұмыс күніне мерзімі көрсетілген билет, мұнда жолаушы көрмеге баратын күнін өзі белгілейді. Екіншісі, жұмыс күніне мерзімі көрсетілмеген билет, бұл билетпен жолаушы көрмеге кез келген жұмыс күні бара алады. Ал үшіншісі, демалыс күніне мерзімі көрсетілмеген билет, яғни жолаушы көрмеге кез келген демалыс күні бара алады. Ескерте кетер бір жайт,  ЭКСПО-ға билет  теміржол кассаларында бөлек сатылмайды", – дейді баспасөз қызметінің жетекшісі Әбубәкір Смайлов.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу