Алматылық "Қайрат" көш бастады

1335

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасы аясында үш матч өтті.

Алматылық "Қайрат" көш бастады

Алматылық "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы турында талдықорғандық "Жетісумен" кездесті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойынның бірінші таймында гол көре алмадық. Ал 49-минутта алматылық клубтың қорғаушы Денис Поляков алаңнан қуылды. Он футболшымен қалғанына қарамастан "Қайрат" 69-минутта Небойша Косовичтің голынан кейін есеп ашты. Ал араға үш минут салып Гүлжігіт Алықұлов матчтың нүктесін қойды.

Алғашқы жеңісіне қол жеткізген Алексей Шпилевский шәкірттері үш ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Ал "Жетісу" соңғы орынға сырғыды. Одан бөлек, талдықорғандық клубтан үш ұпай шегерілген болатын.

"Атырау" футболдан Қазақстан чемпионатының алғашқы турында "Шахтерді" қабылдады. Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өткен кездесуде 0:1 есебімен қарағандылық клуб жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды 14-минутта Виталий Балашов соқты. Қақпа алдындағы қарбалас сәтті пайдаланған украиналық шабуылшы командасына жеңіс сыйлады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚФФ "Шахтер" клубынан үш ұпай шегерген болатын. Бүгінгі ойыннан кейін екі команданың да ұпайы теңесті (0 ұпай).

"Астана" Қазақстан чемпионатының бірінші турында "Тұранмен" кездесті. Матч "Түркістан Аренада" өтіп, 2:2 есебімен аяқталды. Кездесуде есепті бірінші болып қонақтар ашты. 9-минутта Марин Томасов "Астананы" алға шығарды. Алайда, ҚПЛ дебютанты үзіліске дейін таразы басын теңестірді. 17-минутта Таңат Нөсербаев гол соқты. 54 минутта Томасовтың пасын сәтті пайдаланған Абзал Бейсебеков командасының екінші голын соқты. Бірақ 68-минутта Мардан Төлебек есепті қайта теңестірді.

Бір ұпайды қанағат еткен екі команда сәйкесінше турнирлік кестеде үшінші, төртінші орынға тұрақтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу