Алматылық кәсіпкерлер табысының 70%-ынан қағылып отыр

Сала өкілдер санитарлық қаулыны жеңілдетуді сұрайды.  

Алматылық кәсіпкерлер табысының 70%-ынан қағылып отыр

Алматыда демалыс күндері  сауда орталықтары мен базарлардың қызметіне тыйым салынған. Шектеу енгізілгеніне бір айға жуық уақыт болды. Алайда шаһарда эпидахуалдың реттелетін түрі жоқ, ал осы кезеңде табысының 70%-ынан қағылған кәсіпкерлердің айтар уәжі мен мұңы көп, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Барлығына шаһардың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің 16 тамызда қабылдаған №26 қаулысы себеп. 115 мың адам еңбек ететін сауда саласы көбінесе демалыс күндеріне иек артатын көрінеді. Ал қабылданған құжатқа сәйкес бұл күндері ШОБ субъектілері қызметін жалғастыра алмайды. Нәтижесінде бизнес табыс табудың орнына шығынға батуда. Бұл туралы Алматыда өткен брифингте "Орбита" сауда кешенінің директоры Абзал Исакеев мәлім етті. 

"Демалыс күндері сауда нысандарының жабық болуына байланысты біз айына 10 млн-нан 15 млн теңгеге дейін табысымыздан қағылудамыз. Мен Алматыдағы барлық базарлар мен сауда орталықтарында еңбек ететіндердің толғанысын жеткізіп отырмын. Жаңа оқу жылының қарсаңында шетелден тауар алдырды, алайда сатып алушылар жоқ. Себебі ата-аналардың демалыс күндері ғана уақыты болады. Енді қарызға да батып, маусымдық киімдерді сата алмай әлекпіз. Апта бойы таппаған табысымызды бір демалыста шығарып аламыз. Сондықтан сауда саласында еңбек ететін 115 мың адамға қызметін жалқастыруға мүмкіндік беру керек", – деді Абзал Исакеев. 

Айтуынша сауда нысандары ай сайын санитарлық нормаларды сақтауға шамамен 1,5 млн теңге жұмсайды. Оның ішінде, көпшілік жүретін жерлерді залаласыздандыратын сұйықтықтардан бастап, қосымша қызметкерлер жалдау ақысы бар. Бірақ бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік бермесе мұның барлығы бос шығын. 

"Шаһардың бас санитар дәрігері жалға алушылардың, қызметкерлердің 70%-дан астамы вакцина салдырса емін-еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береміз деген еді. Алайда ол сөзінде тұрған жоқ. Көрсеткіштер аталған межеден асып кетті. Енді жалға алушылар бізге келіп реніштерін білдіріп жатыр", – деді базарлар мен сауда орталықтарының өкілі.  

Өз кезегінде қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов ведомствоаралық комиссияға кәсіпкерлердің қызметіне қатысты алты ұсыныс жолдағанын айтады. Олар тек Алматыға ғана емес, еліміздің барлық аймақтарына байланысты. 

"Бизнес демалыс күндері де жұмыс істесе дейміз. Кем дегенде сенбі күні қызметін жалғастыруға мүмкіндік берсе. Бастапқыда бір күннен бастасақ, кейін оның әсерін бақылап көруге болады. Сонымен қатар, қызметкерлерінің 90%-дан астамы вакцинацияланған кәсіпорындарға "Ashyq көшбасшысы" мәртебесін беруді сұраймыз. Ал  егер демалыс күндеріне арналған локдаун алынып тасталмаса, салықтық жеңілдіктер енгізу керек", – деді қалалық палата басшысы. 

Бұл ретте Алматы қалалық мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген "Ashyq көшбасшысы" түсінігінен мүлде арылу керек деп есептейді.

"Оның басты талабы – 2 апта ішінде 2,5 мың адам осы нысанға келіп, QR кодты сканерлеуі керек. Оларға түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Ал адам аз келетін шағын, микро бизнес бұл межеге ешқашан жете алмайды. Сондықтан "Ashyq көшбасшысы" түсінігінен арылу керек", – деді  мәслихат депутаты. 

Алматы еліміздің қаржы орталығы. Сонымен қатар мегаполисті Қазақстанның сауда орталығы деп те атауға болады. Себебі мегаполисте 54 базар, 114 сауда-саттық нысаны бар. Салада 115 мың адам еңбек етсе, 280 мың адам қосымша табыс тауып отыр. Ал олардың басты тілегі – еш кедергісіз қызметін жалғастыру. 

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу