Алматылық волейбол клубы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

987

Алматылық "Буревестник" волейбол клубы Таиландта ерлер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында өз тобында бірінші орынмен жартылай финалға шықты. 21-ші Азия чемпионаты Таиландта, Накхонратчасима қаласында өтуде.

Алматылық волейбол клубы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Чемпионат 8 қазанда топтық турнирден басталды. Онда екі топқа бөлінген он команда жартылай финалдық екі жолдама үшін сынға түсті. Бұл турнирдің финалында Азияның клубтық чемпионы атағынан басқа, Халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) ұйымдастыруымен өтетін ерлер арасындағы әлем чемпионатына жолдама ойнатылады. Әлем чемпионаты 2021 жылдың 15-19 желтоқсаны аралығында Түркия астанасы Анкарада өтеді.

Әйелдер арасында Өскеменнің "Алтайы" бір апта бұрын дәл осы Накхонратчасимада Азия чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Ал ерлер арасында "Буревестник" жұма күні Ирактың "South Gas Club" клубынан 2:3 есебімен ұтылып, плей-оффтың негізгі кезеңіне шығу мәселесін қиындатып жіберген еді. Бірақ келесі күні "Nakhon Ratchasima QminC VC" командасы ирактықтарды жеңсе, ал "Буревестник" жексенбіде тайландтық клубты жеңгеннен кейін топтағы бірінші, екінші орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.

Дүйсенбіде "Буревестник" өзінің тобының ғана емес, жалпы турнирде жолы болмаған Шри-Ланкадан келген "CEB Sports Club" командасымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Содан кейін алматылықтар Кувейттік "Kazma Sport Club" командасымен кездесті. Бірінші кезеңде "Буревестник" 25:17, екінші кезеңде 25:20, ал үшінші ойында тек үш ұпай айырмашылығымен – 25:22 есебімен жеңіске жетті. Осылайша 10 ұпаймен алматылық клуб өз тобында бірінші орынға көтерілді. Енді "Буревестник" 14-қазан күні жартылай финалда катарлық "AlArabi Sports Club" командасымен кездеседі.

Айта кетейік, алматылықтардың келесі қарсыластары екі рет – 2015 және 2016 жылдары Азия чемпионатының финалына шығып, күміс жүлдегері атанса, 2017 жылы олар осы турнирдің қола жүлдесін жеңіп алды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу