Алматының алмасын жеу үшін 4 жыл күту керек

1709

Жылына 2-2,2 мың гектар жерде бақ ашылса, алма тапшылығы жойылады.  

Алматының алмасын жеу үшін 4 жыл күту керек

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров алма тапшылығын жою бағытында қандай жоба жүзеге асырылатынын айтты. 

"Қазіргі уақытта елімізде жалпы ауданы 35,1 мың гектар жерде 216,5 мың тонна алма өндірумен 34 ірі компания, 195 орта, 1370 шағын шаруашылық және жеке қосалқы шаруашылық айналысады. Бұл ретте өнеркәсіптік қарқынды бақтарда алманың түсімділігі гектарына 40-45 тоннаны, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарда гектарына 7-10 тоннаны құрайды", – деді министр.

Сапархан Омаровтың сөзінше, алма бақтары алаңдарын ұлғайту бойынша басты назарды ірі және орта шаруашылықтарға аудару керек, ал ұсақ шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қажет. 

"Алмаға деген қажеттілік көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 128 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықты 6,6 мың гектар жаңа қарқынды бақ отырғызу есебінен молайту болжанып отыр. Жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ шарушылығымен айналысатын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қаласына шоғырландыру ұсынылады. Аталған өңірлер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту қажет. Алдағы 3 жылға арналған отырғызу алаңы 5,5 мың гектар болатын жоба пулы бар. Жоспарланған алаңдар жобалармен қамтамасыз етілмеген өңірлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажет. Бұл жерде Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында 5 мың гектар бақ отырғызуды көздеп отырған "Гокнур Гида" түрік компаниясымен жобаны іске асыруының маңыздылығына ерекше назар аударғым келеді", – деді министр. 

Оның айтуынша, жылына орта есеппен 2 - 2,2 мың гектар бақ отырғызу алма тапшылығын толығымен жабуға және 2024 жылы елімізді өзіміздің алмамен. қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу