Алматының бас су айдыны жеке меншікке берілді

14892

2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру бағдарламасы аясында  Орталық су айдыны (бассейн) және Rakhat Fitness клубы аукционда сатылды. 

Алматының бас су айдыны жеке меншікке берілді

"Орталық стадион" деген атаумен белгілі болған Абай даңғылы бойында орналасқан, қарамағына "Орталық жүзу бассейні" және Rakhat Fitness фитнес-клубы кіретін "Су спорты түрлерінің республикалық орталығы" АҚ 25 қазан күні өткен аукционда екі жылға сенімгерлік басқаруға берілді.

Спорт кешенінің әзірге  аты аталмаған жаңа иесі оны 2017 жылдың соңына дейін 800 млн теңгеге сатып алуы керек. Нысанның бастапқы бағасы Мемлекеттік мүлік тізімі сайтында 787 млн 323 мың теңге деп көрсетілген.

Тозығы жеткен спорт кешені

Сауданы өткізгенге дейін "Су спорты түрлерінің республикалық орталығы" ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қараған еді. Нысанды сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешім спорт кешені имаратының техникалық жағдайына байланысты қабылданған.

Спорт кешеніне күрделі жөндеу мен қайта жабдықтау жұмысы қажет. "Спорт кешеніне 10 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, ал су айдынының негізгі ваннасының жөнделмегеніне шамамен 20 жыл", – деп көрсетілген бағалау есебінде.

Азып-тозған су айдынының шарасы мен тақташасы қаптауды қажет ететіні айтылған. Сонымен бірге бағалаушылардың мәліметінше, бассейнге қымбат бағалы диагностика қажет. Олардың айтуынша, ғимараттың технологиялық жабдықталуы мен суды даярлау жүйесі 80%-ға тозған.

Акционерлік қоғамның қаржылық ахуалының нашарлығы жөндеу жүргізуге қаражат тапшылығына себепші болып отыр.  Бұдан бұрын дене шынықтыру және спорт шеберлерінің ұлттық қауымдастығы президенті Талап Иматалиевтің айтқанындай, былтыр фитнес-орталыққа келушілер санының  30%-ға қысқаруы да әсер етпей қоймады. 2016 жылдың үш айында АҚ-ның борышкерлік қарызы 61%-ға өсіп, 119 703 мың теңгені құраған.

Шығынды өзгеріс

Іргетасы 1967 жылы қаланған Орталық су айдыны ұзақ жылдар бойы  құрама командалар үшін жүзу, су асты жүзуі, суға секіру, су добы және бессайыс бойынша негізгі жаттығу базасы қызметін атқарды. Кешенде бірнеше рет халықаралық, бүкілодақтық және республикалық жарыстар өткізілген болатын. Жарыстар қазір да өткізіліп тұрады.

2011 жылы "Орталық жүзу бассейні" АҚ базасында  жаңа "Су спорты түрлерінің республикалық орталығы" АҚ құрылды. Соңғы үш жылда Rakhat Fitness кешені шығынға батты. 2013 жылы оның шығыны 42,7 млн теңгені құраса, 2014 жылы бұл сома 45,3 млн теңгеге дейін өскен, ал былтыр 63,6 млн теңгеге дейін жеткен. Кешеннің әкеліп жатқан пайдасы болмаса да, абоненттік бағасы жоғары. Бір жылдық клуб картасы шамамен  415 мың теңге тұрады.

Бұрынғы тәртіптегі жұмыс

2016 жылдың 31 наурызындағы жағдай мәліметіне сәйкес, "Су спорты түрлерінің республикалық орталығы" АҚ-ның мүлкі құрамына – құны 344,4 млн теңгеге бағаланған, ауданы 4997,2 ш.м. құрайтын кешеннің екі қабатты негізгі ғимараты, құны 15,6 млн теңге, ауданы 1,2098 га болатын жер телімі, құны 1,6 млн теңге тұратын компьютерлер, машиналар мен жабдықтар (50,5 млн теңге), сондай-ақ жиһаз және басқа да негізгі құралдар (23,4 млн теңге) кіреді.

Спорт кешенін сенімгерлік басқаруға беру инвестордың бірқатар талапты орындауын қарастырады. Соның бірі – ғимараттың жұмыс істеу бағытын сақтап қалу.

Сонымен бірге, кешеннің жаңа иесі күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге кем дегенде 150 млн теңге салуға тиіс және сенімгерлікпен басқару кезеңінде қызметкерлердің штатын сақтап қалуға міндетті, сондай-ақ бұрынғыша спорт жарыстарын өткізуі керек.

Татьяна Киселева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу