Алматының басынан өрт кетпей тұр (Видео)

13 тамыз күні Алматының Медеу ауданына қарасты Думан ықшамауданы мен Талғар ауданы Бесағаш аулының тау беткейінде өрт шықты.

Алматының басынан өрт кетпей тұр (Видео)

Отқа оранған аумақтың көлемі шамамен 15 гектар. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Тілсіз жаумен күресуге Алматы қаласы мен Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен  49 адам мен 10 техника, жергілікті атқарушы органдар мен  Іле Алатауы- МП Талғар филиалынан  - 6 техника және 29 қызметкер жұмылдырылды. Қазіргі кезде өрт қаупі сейілді.

Видео:

Айта кетейік, бұл Алматының тау баурайларында соңғы айда болған жалғыз өрт емес.  Мәселен, күні кеше ғана Титов асуының оңтүстік-батыс бағытында өрт шығып, 30 шаршы метр аумақ отқа оранған. Өрт шыққан жерден жаққан от шоқтарының белгілері табылған. Сондай-ақ, 11 тамызда сағат 14.00 шамасында әйгілі Көктөбенің етегі екі жерден өртенген. ТЖД таратқан мәліметтер бойынша өрттің ауданы 10 гектарды құрады. Оны сөндіру барысында адам мәйіті табылған.

Өкініштісі Алматы тау баурайларының отқа орануының басты себебі - адамдардың салғырттығы. Бұл ретте ТЖД оңтүстік астананың тұрғындары мен қала қонақтарынан таулы және орманды жерлерде демалу кезінде от жақпауды және тұтанған темекі қалдықтарын тастамауды сұрайды. Департамент өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған жағдайда, орман шаруашылығының инспекторлары заң бұзушыларды ҚР Орман Кодексінің 21-бабының талаптарына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы екенін ескертеді.  

Статистикаға сүйенсек, 2019 жылдың басынан бері Қазақстанның ормандарында 62 195 гектар ауданда 480 орман өрті тіркелді. Оның 29 758 гектары орманмен көмкерілген аудан.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу