Алматының Ботаникалық бағы қайта ашылды

2672

1932 жылы құрылған ерекше табиғи аймақ жөндеу жұмыстарынан кейін қала тұрғындары мен саяхатшыларға есігін айқара ашты.

Алматының Ботаникалық бағы қайта ашылды Фото: Максим Морозов

Бақты жаңартып, заман талабына сай жабдықтауға жалпы сомасы 15 млн доллар жұмсалған. Бұл бастаманы Болат Өтемұратов Қоры қаржыландырды. 

Қайта жөндеуден өткен Ботаникалық баққа 1300 түп ағаш, 3000 түп раушан гүлі, 130 мың түп көпжылдық өсімдіктер отырғызылған. Қазірдің өзінде олар бақтың көркін келтіріп, қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлауда. 

Қор директоры Марат Айтмағамбетовтың сөзінше жасыл желектің барлығы Еуропадан әкелінген. 

"Жаңарту жұмыстарына бөлінген қаржының көп бөлігі Ботаникалық бақтың жасыл қорын қалпына келтіріп, олардың санын арттыруға жұмсалды. Барлық өсімдіктер Еуропадан әкелінген. Атап айтсақ, Германия мен Польшадан", – деді қор директоры.

"Жаңату жұмыстары барысында бақтың қоршауы да қалпына келтірілді. Ал Тимирязев пен Әл-Фараби көшелерінің бойындағы тұсына жаңа қоршаулар орнатылды. Видеобақылау жүйесі бақтың аймағын оқшаулау вандализмнің алдын алуға тиіс", – деді Марат Айтмағамбетов. 

Ботаникалық бақ үшін басты мәселе – су жүйесі болатын. Себебі табиғи аймақтың арықтары мен тоғандары тозған. Сумен қамтамасыз ететін екі ұңғыма да істен шыққан. Нәтижесінде бақ қызметкерлері мыңдаған жасыл желекке суды шелектеп тасуға мәжбүр болған. 

Қайта жөндеу жұмыстары барысында сумен қамтамасыз ету жүйесі түбегейлі қайта құрылды. Ескірген екі ұңғыманың өткізгіштік қабілеті сағатына 20 текше метрден 25 текше метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар әрқайсысының қуаттылығы сағатына 40 текше метрді құрайтын екі жаңа артезиан ұңғымасынан су тартылған. Осылайша Кереңқұлақ өзеніне 13 шақырым арық пен тоған қалпына келтіріліп, қайта салынды. 

Жаңарту жұмыстары барысында бақтың оңтүстік бөлігіне ерекше назар аударылған. Бұған дейін талай жылдар бойын бос жатқан саябақ бөлігіне келушілер көп аяқ баса бермейтін. Қазір бұл аумақ толықтай абаттандырылған. 

Жөндеу жұмыстары басталмай тұрып бірнеше мәрте қоғамдық кеңес ұйымдастырылған. Нәтижесінде жобаға өзгерістер енгізілген. Оның бірі бақтың Тимирязев көшесінен кіре беріс павильоны. Бастапқы жоспар бойынша мұнда бірнеше ағаш сүрілуі керек еді. Алайда кейін жоспар өзгеріп, павильонның астында қосымша тағы бір қабат салынды. 

Саябақтың келушілер ең көп жиналатын жағы – солтүстік бөлігі. Бұл жерде де айтарлықтай өзгерістер орын алған. Басты аллея жолдары табиғи граниттен қайта салынған. 

Тоған қылпына келтіріліп, сакура ағаштары отырғызылған. 

Сонымен қатар Ботаникалық бақта түрлі жәндіктер үшін арнайы үйшік салынған. 

Жасыл желектің бойына фитожарық орнатылған. Қоршаған  ортаға зиянсыз құрылғылар кешкі уақытта баққа ерекше рең береді. 

Сонымен қатар саябақта бұрынғыдай тас жолдар жоқ. Оның орнына гранит төселген. 

Пандемия Ботаникалық бақтың дамуына да кедергі келтіруде. Жоспар бойынша мұнда ақпан-наурыз айларында келушілерді тарту жұмыстары басталуға тиіс болатын. Алайда бұл жұмыстарды тоқтата тұруға тура келген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу